МӘДЕНИЕТТІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ – ДӘСТҮР
Бүгінгі таңда Арал ауданында мәдениет саласы бойынша халыққа 71 мәдениет мекемесі – 32 мәдениет үйі мен клубтар және 39 кітапхана қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ауданда 2 мұражай жұмыс жасауда.
Аудан әкімі Мұқтар Оразбаевтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері аудандық мәдениет үйі мен мәдениет мекемелері арқылы 1 287 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңдай көрермен қамтылды.
Өңірдегі айтулы шараның бірі – Арал өңірі балықшыларының дәстүрлі ІҮ слеті болды. Айта кетейік, Қамбаш көлінің жағалауында теңіз айдынынан маржан терген еңбекшілердің мерекесін тойлау 2015 жылдан бастап жалғасып келеді. Дәстүрге айналған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламентінің депутаты Бақытбек Смағұл, Геннадиий Шиповских, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен қоғам қайраткерлері және Ресей Федерациясынан, Маңғыстау, Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарынан делегациялар қатысты.
Слетте негізгі салтанатты шара – театрландырылған көрініспен ашылып, мерекелік концертке еліміздің танымал әртістері Бауыржан Ибрагимов, Нұрлан Өнербаев және Серік Ибрагимовтер өнер көрсетті.
Салтанатты шарада кешегінің көзіндей болған құнды жәдігерлерден көрме ұйымдастырылып, теңізден ауланған сан алуан балық түрлері сөреден орын алды.