АҚАЙ МЕН ТӨРЕТАМ ЕЛДІМЕКЕНДЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ЕМХАНАСЫНА ТІРКЕЛЕДІ
Бұған дейін Қармақшы ауданына қарасты аталған елді мекендердің тұрғындары медициналық қызметі пайдалану үшін 90 шақырым қашықтықтағы аудан орталығы Жосалы кентіне баруға мәжбүр еді.
Енді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету мақсатында биылғы жыл басынан бастап облыстық медицина орталығының Байқоңыр қаласындағы филиалында Қазақстан азаматтары үшін емхана жұмыс істей бастады.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйектен бастап республика бойынша тұрғындарды емханаларға тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Байқоңыр қаласында ашылған емхана бұл науқанға алғаш рет қатысып отыр.
Медициналық орталық қажетті мамандармен толығымен қамтамасыз етілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, қазір ҚР азаматтары, оның ішінде зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар және Байқоңыр қаласында тұратын жұмыссыз азаматтар облыстық медициналық орталық филиалының қызметін пайдалана алады.
Қазіргі таңда вакцинация жасау, амбулаториялық деңгейдегі тегін дәрі-дәрмектермен қамту, диспансерлік науқастарды динамикалық бақылау, алдын-ала тексеруден өткізу атап айтсақ, әскерге шақыру алдындағы және жасқа толғанға дейінгі балаларды медициналық тексеруден өткізу сияқты бірқатар проблемалық мәселелерді шешу үшін жұмыс тобы құрылды.