ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІП – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ
Кәсіптің үлкен-кішісі болмайды. Еңбекпен тапқан нанның бәрі тәтті. «Еңбек бәрін де жеңбек» деп Елбасымыз да елді білек түре еңбек етуге шақырды. Мен қарапайым ғана шаштаразбын. Кәсібім өзіме ұнайды. Күнделікті әртүрлі адамдармен дидарласып, кейбірімен туған-туыстай араласып та кетесің. Құдайға тәубе, отбасым бар. 3 балам, 3 немерем қуанышымды еселеп отыр.
Кешегі ел өтпелі кезең деп айдар таққан тоқырау кезінде қиындықты да бастан кешірдік. Отағасы екі қолға бір жұмыс таппай үйде отырып қалды. Ал мен болсам, шағын темір вагон ішінен шаштараз аштым. Отбасы қамы үшін тынбай еңбек еттім. Қазір осы жеке кәсіппен айналысқаныма 14 жыл болыпты.
Әркімнің өзінің сүйген кәсібі болады. Ең бастысы – өзімнің шағын жұмыс алаңым бар. Кәсіпкер болу үшін үлкен кәсіпорын, зауыт басқа да іргелі жұмыс орнын ашу емес, шағын кәсібіңді жандандырып, шаңырағыңның әлеуметтік ахуалын жақсартсаң болды. Мұны Елбасымыз өз Жолдауларында үнемі саралап айтып отырады.
Елбасы отбасылық бизнесті дамытуды ұсынды. Әркім тіршілік етіп, өз нәпақасын табуға ұмтылған жөн. Қазір облыста кәсіпкерлік дамып келеді. Оның үстіне, Президентіміз де бұл бағытта негізсіз тексерулер мен кедергілерді болдырмау жөнінде қадағалап айтумен келеді. Елбасының Үндеуі де соның айғағы.
Отбасылық бизнес ұлғайса, тәуелсіз мемлекетіміз бен туған өлкеміз де гүлденетін болады. Қазір мен өз кәсібімнің толықтай қожайынымын. Берекелі тірлік жасап, талаптансаң, бар игіліктерге жол ашылады. Шариғатта да адамзат баласын таза жолмен, адал еңбек етуге шақырады. Қазір кәсібім аз да болса өрлеп келеді. Мені салық, СЭС, басқа да тараптан келетін тексерулер қобалжытпайды. Құжаттарым дұрыс, айналам таза, мүмкіндігі шектеулі жандар мен сәбилер арбасымен жүруге қолайлы етіп пандус жасап қойғанмын. Қойған талаптарын орындасаң, қорқатын ештеңе жоқ. Шағын ауламды көктем шыға тал егіп, көгалдандыруға мән беремін. Өз тұтынушыларыңа қолайлы жағдай жасап, оларды жылы қабақпен қарсы алып, шаш сәнін өз қалауына сай безендіріп әдемі стиль қалыптастырып берсең, халық та көп болады. Қаладан шеткері аудандардан да іздеп келіп, менің қызметімді пайдаланып жатады. Мен оған қуанбасам, ренжімеймін.
Менің еңбегімнің жемісін отбасым, өз елім көріп жатса, маған соның өзі зор бақыт. Әркім өз отбасын осылай таза еңбекпен асыраса, жас мемлкетіміздің іргетасының нығаюына да үлкен қолдау болмақ. Себебі, біз туған жеріміздің салық қазанын көбейтуге өз үлесімізді қосып отырмыз. Отан от басынан басталады демекші, үлкен бизнес шағын отбасылық кәсіптен бастау алады. Ел еңсесін көтеріп, қазақ елінің абыройын әлемге паш ету үшін әрбіріміз қажырлы еңбек етуіміз керек. «Мен елімнің өркендеуі үшін не жасадым?» деген патриоттық сезім әр адамның санасында болса деймін. Себебі, отбасылық кәсіп – мемлекет тірегі.
Райхан ШЕРМАХАНОВА,
жеке кәсіпкер