ЭЛЕКТРОНДЫ ТІРКЕУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Әділет департаментінде тіркелетін мәслихаттар, әкімдіктер, әкімдер және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық актілері ағымдағы жылдың 24 шілдесінен бастап түгелдей электронды форматқа ауыстырылды.
Қағазсыз құжат айналымына өту – Электронды үкімет құрудың басты қағидасы. Бұл дегеніміз - тұлғалармен тікелей қарым-қатынасты болдырмайды. Жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлері қағаз тасып әуреге түспейді. Жаңа әдістің бір тиімділігі – уақытты үнемдеу.
Электронды үкімет – тіпті кеңседе пайдаланатын қағазды да қажет етпейді. Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу үшін әділет органына мемлекеттік органдардың интранет-порталы арқылы мемлекеттік органның бірінші басшысының, ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адамның электрондық цифрлық қолтаңбасын қою жеткілікті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 6 қазандағы №568 және «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» 569 қаулыларына ағымдағы жылдың 24 шілдесінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Онда жергілікті мемлекеттік органдары актілерінің электронды түрде әзірлеу, келісу және тіркеуге ұсыну тәртіптері көрсетілген. Ендігі жерде жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымы толықтай электронды түрде жүргізілуі тиіс.
Облыстық, қалалық, аудандық деңгейіндегі жергілікті мемлекеттік органдардың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты және кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілері әділет органдарына мемлекеттік органдардың интранет порталы арқылы ұсынылады.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл, кент деңгейіндегі жергілікті атқарушы органдар автоматтандыру жүйесіне қосылып, мемлекеттік органдардың интранет-порталы арқылы жұмыс жасай бастайды. Әділет органдары жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілеріне заң сараптамасын құжаттар табыс етілген күннен кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Тиісті аумақтарда карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндiк аймақты белгiлеу (күшiн жою) туралы шешiм, ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеуді (алып тастауды), сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу құжаттар ұсынылған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Заң сараптамасының нәтижелері бойынша келіп түскен құжаттарда кемшіліктер болған жағдайда 2 жұмыс күні ішінде пысықтау үшін қайтарылады, жергілікті мемлекеттік органдар кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдап, 7 жұмыс күні ішінде қайта жібереді, одан кейін әділет органдары пысықталған нормативтік құқықтық актіні 3 жұмыс күні ішінде тіркеу жұмыстарын жүргізеді.
Электронды тіркеу басталғалы Әділет департаментінде 45 нормативтік құқықтық акті мемелкеттік тіркеуден өтсе, оның 40 актісі пысықтау үшін жергілікті мемлекеттік органдарға кері қайтарылған. Пысықтау үшін нормативтiк құқықтық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң сәйкессіздігі, орфографиялық және грамматикалық қателердің болуы, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу үшін ұсынылатын құжаттар топтамасындағы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлеген нысан бойынша қазақ және орыс тiлдерiнде анықтама-негiздеме, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін жағдайда енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар нормативтік құқықтық актінің алдыңғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесінің жергілікті мемлекеттік органдармен толық және дұрыс толтырылмауы, сараптама кеңестерінің мүшелерінің сараптама қорытындыларының ұсынылмауы, т.б. сияқты негіздермен қайтарылған.
Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды дамытуға тиіспіз.
Цифрландыру – ашықтық, барлық шығындарды оңтайландыру, рәсімдерді жеделдету, қауіпсіздік секілді негізгі қажеттіліктер қамтамасыз етіледі. Еліміздің цифрлық саясатын жүзеге асыруға барлық салалар өздерінің үлесін қосатынына сенімдімін.
Н.АРЗЫКУЛОВА,
Қызылорда облысы әділет департаментінің
бас маманы,
Қазақстан Республикасы Заңгерлер
одағының мүшесі