АРАЛ АУДАНЫНДА «ЖАС ҰЛАННЫҢ» ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ
Бүгінде Арал ауданында «Жас Ұлан» ұйымы қатарына қосылуға ниетті оқушылар саны көп, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оқуда озат, түрлі өнер байқаулары мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарынан құралған ұйымның қазір аймақ бойынша 50 мыңнан астам мүшесі бар. Соның 10 мыңдайын аралдықтар құрайды. Ұлтжандылық, отансүйгіштікке шақыратын жасұландықтар қатары тағы 100 оқушыға толықты.
Арал қаласындағы «Рәміздер» алаңында өткен «Аға ұрпаққа ұлағат, жас ұрпаққа аманат» атты шарада жеткіншектерге салтанатты түрде ту түстес көк галстук тағылды. Алдыңғы буын ардагерлер өмірлік тәжірибе өнегесімен бөлісті. «Жас Ұланға» қабылданушы оқушылар туған еліне адал болуға барша Арал жұртшылығының алдында ант берді.
Нұрсәуле Табынбаева, білім саласының ардагері:
– Жас ұрпақ үмітті ақтау үшін болашақ Қазақстанның белсенді азаматтары болуы үшін аға ұрпақ атынан біз аманат тапсырдық. Сол аманат арқылы біз үміт артамыз жастарға. Келешек жастардың қолында.
Шыңғыс Алдабергенов, «Жас Ұлан» ұйымының мүшесі:
– «Жас ұлан» ұйымы қатарына қабылдандым. Енді сабақты 5-ке оқимын. Үйірмелерге қатыссам деймін. Белсенді болып, сабақтан қалмаймын. Мықты, ақылды боламын.