ТІЛ – ҰЛТТЫҢ МҰРАСЫ
Тіл – тәуелсіз елдің мәдениеті мен салт-дәстүрінің мәйегі. Елді ел қылатын, ұлтты басқа ұлттан ерекшелейтін де осы – тіл.
Жалпы, қанша тіл білсек те, артықтық етпейді. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген. Тарихқа үңілсек, ғұлама ғалым Мәшһүр-Жүсіп араб және парсы тілдерін жетік білсе, түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай әлемнің жеті тілінде еркін сөйлеп, жаза алған.
Шоқан Уәлиханов та ағылшын, француз, неміс, орыс және түрік тілін жетік білген екен. «Батысым Шығыс боп кетті» дейтін хакім Абай өз заманында «Орыстың тілі – дүниенің кілті. Орыс тілін оқыңыздар. Ол сіздердің көздеріңізді ашады» деген еді.
Әрине, құптарлық жайт, тіл білген жақсы. Меніңше, егер Абай атамыз қазіргі кезде өмір сүрсе, ағылшын, қытай, испан тілін үйрен деп айтқан болар еді. Демек, тіл білудің артықшылығы көп екені анық. Бұл ретте, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та еліміздегі әрбір азамат қазақ, орыс және ағылшын тілін білуі тиіс деп міндет қойған еді.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», - деген болатын. Әлбетте, дүниежүзіне ең көп таралған 10 тілдің бірі саналатын орыс пен ағылшын тілін білу қажет. Ағылшын тілі – әлемге есік ашар тіл!
Бірақ, базбіреулер ағылшын тілін үйренсек мәңгүрттеніп кетеміз деп байбалам салып жүр. Уәжінше, өзінің ана тілін меңгермеген, қазақ тілінде дұрыс жаза алмағандар басқа тілді қалай игермек? Иә, қазір балабақша мен мектептен бастап ағылшын тілін үйрету қолға алынбақ.
Мінекей, сол үш тұғырлы тілдің салдарынан қазақ тілі ығысып кетеді деп қауіптенеді көпшілік. Алайда, Мемлекет басшысы «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деген еді. Ал ағылшын тілін үйренгеннен мәңгүрттеніп кетеміз деген пікір қисынсыздау сияқты. Мәңгүрттеніп кетсе, жоғарыда аты аталған қазақтың біртуар азаматтары әлдеқашан мәңгүрттеніп кетер еді ғой.
Ең бастысы, ақын Қадыр Мырза-Әлі айтпақшы, «Өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліңді құрметтеу» қажет. Сонда ғана ұлттық құнардан ажырамаймыз. Бірақ, ағылшын тілінің рөлін жоққа шығара алмаспыз? Сол тіл арқылы әлем бізді танып жатқан жоқ па? Мысалы, М.Әуезовтың «Абай жолы» романы ағылшын тіліне аударылмаса, Абайдай ғажап ақынымызбен қалай мақтанар едік?
Сондықтан, үштілділік – жаңа заман талабы! Көп тіл білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып, әлемдік ғылымның құпиясына үңіліп, қабілетін тануына мүмкіндік беретін қажеттілік. Бірнеше тіл білген адам қайткен күнде де жан-жақты болады, жаңа мәдениеттің қалыптасуына үлес қосады. Себебі, шетелдермен сөйлесу, араласу, жаһандық құндылықтарды үйрену тіл арқылы, қарым-қатынас жасау арқылы жүзеге асатыны анық. Сол себепті, көптілді болу – бүгінгі заманның басты сұранысы деуге болады.