АДАМИ КАПИТАЛДЫҢ НЕГІЗІ – БІЛІМДЕ
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында өркендеудің негізі адами капитал екеніне тоқталып, білім беруді жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Ал, адами капиталдың негізі – білім беру саласы, оның ішінде, мектепте екені даусыз. Осыны ескерген Үкімет мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Яғни, мультимедиялық сыныптармен жасақтап, физика, химия және биологиялық тәжірибелік кабинеттер құрылуда.
Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреевтің қолдауымен және аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовтың ұйытқы болуымен заманауи құрылғылар Жаңақорған ауданына да келе бастады. Мәселен, аудан мектептерінде химия мен физиканы тереңдетіп оқытатын 8 кабинет құрылды. Биологияға бағытталған 7 сынып ашылды. Осындай игілікке кенелген мектептің бірі – №53 А.Романов атындағы орта мектебі.
Мәселен, мектептегі биология кабинетінде соңғы үлгідегі «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панель орнатылған. Тақтаның мүмкіндігі өте үлкен. Яғни, толықтай сенсорланған. Бір мезетте 10 оқушы жұмыс жасай алады. Үш тілде жұмыс жасайтын тақтада оқушыға қажетті ақпараттар шоғырланған.
Тақтаның беті арнайы антибликті шынымен жабылған. Ол оқушының көзін жағымсыз энергиядан қорғайды. Бұл тақтамен жұмыс жасайтын мұғалім де, оқушы да қосымша заттардан арылады. Яғни, сабақ өтуге қажетті маркер немесе сызғыш, циркуль сияқты оқу құралдарының қажеті жоқ. Өйткені, барлық құралдар тақтаның өзінде. Тәлімгер батырманы басу арқылы өзіне керектіні алып, пайдалана алады. Заманауи тақтаның жады да кең. Тіпті, мұғалім өткен сабағын осы тақтаның жадына сақтай алады.
Биология сыныбының мүмкіндігіне кеңірек тоқталсақ, бұл кешенге «биология» пәнінен кем дегенде 22 зертханалық жұмыс сияды. Оның құрамында ғылыми тәжірибелер, зерттеу жұмыстарының сипаттамасы, сызба, қажетті материалдар мен олардың құрамы, ғылыми зерттеудің дайындығы мен оның саралануының қортындысын сақтауға және сабақ барысында пайдалануға болады. Мәселен, биолоигия пәнінен «Теңіз түбі» тақырыбында сабақ өтетін болса, «Теңіз түбі» коллекциясы арқылы теңіздің түбінде кездесетін маржан, теңіз жұлдыздары, ұлу сияқты теңіз түбін мекен ететін ағзалармен танысуға мүмкіндік береді. Жалпы, интерактивті панель арқылы биология пәніне қажетті барлық мәліметті алуға, көзбен көруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тақтада өсімдік, жануартану, анатомия, биология бойынша микропрепараттар жиынтығы, бинокль, микроскоб, электр жарықтандыруы және видеоокосы бар микроскобы, биология бойынша демонстрациялық жұмыстарға арналған химиялық ыдыстар мен жабдықтар жиынтығы, биология кабинетіне арналған химиялық реактивтер жиынтығы бар.
Айта кететіні, «Н1 – ТД75» интерактивті панелі Астана, Атырау қаласында және Қызылорда облысында Жаңақоған ауданында ғана бар. Енді заманауи құрылғынын мүмкіндіктерін толық пайдаланып, оқушының зердесін ашуға күш салатын боламыз.