ӨҢІРДЕ БАЛЫҚ ЭКСПОРТЫ КӨЛЕМІ ӨСТІ
"Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС-1) жобасының нәтижесінде Кіші Арал теңізі суға толды. Теңіз жағалауындағы қалың жұрт ата кәсіпке қайта оралды. Қазіргі кезеңде Арал өңірінде жылдық қуаттылығы 11 мың тоннаны құрайтын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап тұр. Балық өнімдері алыс және жақын шет елдерге экспортталуда. Онан түсетін пайданың ел экономикасына еселі үлес қосып жатқаны қуантады.
Мәселен, өткен жылы Қызылорда облысында ауланған 8740 тонна балықтың 3410 тоннасы экспортқа жіберілді.
Арал мен Қазалы аудандарындағы 8 балық өңдеу зауытының 4-і соңғы 5 жылда салынды. Сондай-ақ, «еврокод» белгісі бар 4 зауыт өнімін экспортқа шығарып отыр. Оның үшеуі Еуропа елдеріне балық өнімдерін экспорттауда.
Жоғарыда атап өткеніміздей, 2017 жылы барлығы 3410 тонна балық өнімі 9 мемлекетке – Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Польша, Голландия, Дания, Германия және Қытайға экспортталды.
Осылайша, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС-1) жобасы өңір экологиясын жақсартып қана қоймай, балық шаруашылығын түлеуіне жол ашты.
Мысалы, балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге артқан.
Сонымен қатар, балық өңдеу зауыттарын қосымша шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында өңірдің аквамәдениетін дамыту жұмыстары жүруде. Өткен жылы облыстағы 10 шаруашылық 107 тонна тауарлы балықтар өсірді, биыл бұл көрсеткішті 130 тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр.
Айта кету керек, кәсіпкер Аманбай Ерхатов 2016 жылы Ресей Федерациясы, Ульяновск облысы, Димитровград қаласында Арал балығын өңдейтін зауыт салды. Бұл зауыттың балық өнімдері Мәскеу және Санкт-Петербургтің сауда орындарында сатылуда.
Нақты кезеңде "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС-2) жобасының екінші кезеңінің жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.
Айта кетейік, аталған жобаның екінші кезеңі Арал өңірін одан әрі қайта түлетуді, суды пайдалану тиімділігін жақсартуды және Сырдария өзенінің төменгі ағысында су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруды көздейді.