ТАБЫСТЫ КӘСІП – БЕРЕКЕЛІ НӘСІП
Қазалы ауданында ауыл шаруашылығының бір тармағы саналатын мал шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен ауыл тұрғындарына арналған несиелік жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып отырған қазалылық шаруалар мал бордақылау алаңдарын көптеп ашып, іске қосып жатыр.
Сондай мақсаткер шаруаның бірі – Ғани Мұратбаев ауылының тұрғыны Ербол Әбілтаев.
Нақты кезеңде жеке кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мүйізді ірі қара малын бордақылаумен айналысуда.
Мал басын өсіре білу, оны бордақылау әрине, оңай шаруа емес. Кейіпкеріміз ата кәсіпке бала шағынан бейімдігін танытқан. Үлкендерге, әкесі Бақытқа қолқанат бола білді. Сондықтан да оған бұл шаруаның қыр-сыры мәлім. Иә, өмірде барлық нәрсенің құны болатынын, еңбексіз ештеңе болмайтынтын Ербол ерте байыптады.
Нарық заманында мал табу жолдарын әкесінен үйренгенін айтады. Әкелі-балалы екеуі тұрғындардан мал сатып алып, оны бордақылап сойып, өнімін жіліктеп өткізеді. Ержете келе бар береке төрт түлікте екенін түсінген Ербол кейін жиылған қаражатқа 5-6 бас сиыр алып, өзі мал бағуды қолға алады.
Жас кәсіпкер 2014 жылы «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өңірдегі филиалы арқылы «Береке» бағдарламасымен жылдық өсімі 6 пайызбен несие алып, кәсібін өркендетіп отыр.
Несие қаражатының басым бөлігін қолындағы малдың жем-шөбіне жұмсайды. Ірі қарадан сиыр өсіріп, бұған қоса 300 бас қой да баққан. Биылдан бастап, тек ғана мүйізді ірі қараны бордақылау ісін қолға алып, дамытуды жөн көреді.
Қазір Ербол 50 бас мүйізді ірі қараны бордақылауға арналған қыстық база салдырып жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, қайсыбір істі қолға алғанда оған ерекше құштарлықпен қарау керек.
«Отбасында жалғыз болғандықтан да шығар, еңбекке ерте араластым. Әкемнің ізіне еріп, мал союды үйрендім. Оны базар мен дүкендерге өткізіп, кәсіпті дөңгелету қыр-сырына қанықтым.
Қазір мал басын көбейтіп, оларды 6 ай бойы бордақылаумен айналысамын. Мен өз кәсібіме ерекше сезіммен қараймын. Өзгелер секілді жәй ет өткізгім келмейді. Керісінше, әрбір ірі қараның салмағын екі есе көбейтуді көздеймін. Сонда ғана еңбегімнің нағыз жемісін татамын деп ойлаймын.
Бір өкініштісі, ауыл тұрғындарындағы мал тұқымы азып кеткен. Асыл тұқымды бұқа жоқ, болса бірлі-жарымында ғана бар. Сол себепті де аудан төңірегінен алған ірі қара малы аса салмақ қоса бермейді. Сондықтан жеке көлігіммен Қостанай жақтан бір рейс бағытымда 15 бас мал әкелемін. Бұл әрине, аз шығын емес. Бірақ барға қанағат етемін», - дейді шаруақор жігіт.
Өңірде «Береке» бағдарламасы қолға алынғалы бері ауылшаруашылығы саласы бойынша ауқымды істер атқарылып келеді.
Бүгінде Ербол 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер Ербол Әбілтаев алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Иә, өңірде «Береке» бағдарламасы қолға алынғалы бері ауылшаруашылығы саласы бойынша ауқымды істер атқарылып келеді. Бұған қазалылық Ербол Әбілтаев сынды кәсіпкер айқын дәлел бола алады.