ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРА ӨТКІЗДІ
Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметімен, Криминалды полиция бөлімімен бірлесіп облыс орталығында қалта ұрлығымен күресу, қылмыстарды ашу жұмыстарын жандандыру, алдын алу және тиімділігін арттыру мақсатында «Қалта ұрлықтарынан сақ болыңыздар!» іс шарасын жүргізді.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға ескерту, қала аумағындағы халық көп шоғырланатын базарлар мен сауда орталықтарында, маршруттық автобустарда буклеттер жапсырып, сатушылар мен автобус кондукторларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қалта ұрлығымен айналысатын және сотталған тұлғалардың суреттері салынған буклеттер таратты.
Ұйымдастырылған профилактикалық шара барысында полицейлер қала тұрғындарына қарапайым сақтық ережелерін сақтай отырып, құнды заттарының, оның ішінде ұялы телефондарының және әмияндарының ұрлануының алдын алуға болатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын өткізді. Сонымен қатар бұрын қалта ұрлығымен сотталғандар арасында да профилактикалық шаралар жүргізілуде.
Қауіпсіздік шаралары туралы мұндай түсіндіру жұмыстарын тәртіп сақшылары тұрақты түрде өткізбек.
Қызылорда ҚІІБ баспасөз қызметі.