ОМАРТАШЫ БУЛУТ
Күнделікті экология, тағам құрамының құнарсыздығы, сыртқы ортада кездесетін жайсыздық – адам денсаулығына кері зиянын тигізеді. Мұндайда әрине, ағзаны табиғи өніммен қуаттағанға ешнәрсе жетпейді. Ықылым заманнан төрт түлігінің сүт пен ет өніміне көбірек мән беретін қазекем ара балының да пайдасын осыдан бес ғасыр бұрын білген екен.
Міне, содан бері де ара балы қазақ дастарқанының сәні әрі денсаулыққа таптырмас ем ретінде қолданылып келеді. Кең даласында мал баққан халқымыз ара бағудан да ешкімнен кенде қалған жоқ. Қазақ топырағында өрісін бал шырынды арамен толтырған кәсіп иесінің бірі – қармақшылық Булут Исмаилов.
Интернационал ауылының тұрғыны ара шаруашылығымен айналысуды бала кезден армандапты. Еңбеккер азамат кеш те болса осы арманына қол жеткізгеніне қуанады. Нарық заманында қаражатсыз қолды қозғалту мүмкін емес екені кімге болса да белгілі.
Бұл жағынан ауылдағы кәсіпкерге Елбасы қамқорлығы мен мемлекет тарапынан көрсетілетін «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы көмекке келген. Аталған бағдарламамен қаржылай қолдауға ие болған ауыл азаматы көп ойланбай бала кезгі арманын жүзеге асыруға асығады.
Бірер жыл бұрын кәсібін бастаған Б.Исмаилов бүгінде аяғынан тұрған, шаруасын дөңгелеткен кәсіпкер. Омарташы арамен айналысу – тиімді кәсіп екенін шегелеп айтады. Оның пікірінше, бал – көнермейтін, яғни ол өзінің тағамдық құнарын ешқашан жоймайтын азық. Денсаулыққа пайдасы шаш-етектен келетін ара өнімін тұтынушы «түкірігін жерге тигізбей» сатып әкететін көрінеді.
– Заманында гректің әйгілі ғалымы Пифагор ара балының қасиетін: «Ұзақ өмір сүрудің себебі – балды жиі қабылдағаннан» десе, Шығыс медицинасының атасы Ибн Сина: «Егер жастық шағыңды сақтап қалғың келсе – бал тұтын», – дегенді айтыпты. Жалпы, бал – суық тигенде, жүрек-қан тамыры, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан, ішек, жүйке жүйесі, басқа да сансыз ауруға таптырмас ем. Оны көптен кетпей жүрген жарақатқа да жағуға тиімді.
Балдың емдік қуаты жоғары. Оның келісі – 3250 калл қуатқа тең. Ол адам ағзасын көптеген дәруменмен, ақуыз, зат алмасудағы түрлі ферменттер және тіршілікке керекті қоректік заттармен байытады. Табиғи өнім болған соң ара балы дәрі жасау мен косметика саласында да кеңінен пайдаланылады. Омарташы болу – бұл өте қайырлы іс. Жесең – денсаулық, сатсаң – ақша. Қазір егін орағына байланысты араларды үйде ұстап отырмын. Алдағы 2-3 аптаның көлемінде далалыққа шығарамын. Әрине, 20 жәшік араны күтіп-баптау оңай емес. Дегенмен, жақсы көретін іспен айналысу – рахатқа бөлейді.
Үш ай науқанда айына 100-120 келіден таза өнім аламыз. Балдың түрі – араның қандай гүлге жайылғанына қарай. Күн райы жылы, жайлы болса – күзде де бал алу мүмкіндігі бар. Жуырда Қызылорда қаласында өткен облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатыстым. Апарған 30 келіге жуық балды қала тұрғындары сол мезетте-ақ сатып алды, – дейді омарташы ағамыз.
Булут Исмаиловтың ара шаруашылығын дамытуда алға қойған жоспары көп. Оның бірі – ауыл маңынан өз иелігіне 15-20 гектардай жер алып, сонда тұрақтану. Басына үй-жай салып, алынған өнімді сол жерде сұрыптау. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға демеу болу.
Сондай-ақ, шаршағанда саясына адам тынығатын, шөлдегенде шөлін басатын алма бағын отырғызуды ойлайды. Сенім мен мақсат болса бақтың иесі атанар күн де алыс емес.
Иә, адам – табиғаттың бір бөлшегі. Бал арасын өсіріп, одан отбасының нәпақасын айырып отырған омарташының әр күні қарекетке толы. Кейде еңбеккер адамның сөзге сараң болатыны бар. Бізбен аз-кем мәміледен соң, ол омартаға қарай асықты. Бұл сәтте біз де омарташыны бөгеуді жөн көрмедік.
Қармақшы ауданы