ЖАЛҒАН ҚАРАҚШЫЛЫҚ ҚЫЛМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН АЗАМАТША ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Қызылорда қаласында полицияға сауда орталығында орналасқан ломбардқа қарақшылық шабуыл жасалғандығы туралы хабарлама түсті.
Жәбірленушінің айтуынша, 28 тамыз күні күндізгі сағат 10:00 шамасында белгісіз азаматша ломбард ғимаратына баса көктеп кіріп, пышақ жарақатын салып, ломбард мүлкін ұрлап кеткен.
Тергеп-тексеру барысында кассадағы ақшаны жәбірленушінің өзі ұрлағандығы белгілі болды. Тексеріс болатындығын білген ол алдын-ала алтын бұйымдарды ұрлап, жалған қарақшылық қылмысын қолдан ұйымдастырып, өз-өзіне пышақ жарақатын салған.
Тексеру барысында жәбірленуші өз кінәсін толық мойындап, көрсетім берді. Тұрғылықты жері бойынша көміп тастаған алтын бұйымдары заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Қазіргі таңда оған қатысты көрінеу жалған айғақтар көрсету дерегі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 420-бабының 2-бөлігімен тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Күдікті азаматшаның кінәсі дәлелденген жағдайда, оған сот шешімімен бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі