ҚЫЗЫЛОРДАДА СУ ҚҰБЫРЛАРЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Соңғы жылдарда Қызылорда қаласында жыл сайынғы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде су құбырларының 70 пайызы толық жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нақты кезеңде Қызылорда қаласында қала тұрғындарына сапалы да жайлы жағдай жасау үшін тозығы жеткен инженерлік желілерді қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Осының нәтижесінде қала халқы таза жер асты суларын тұтынуда.
Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 13 жоба бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 584 млн теңгеге 10 шақырым ауыз су және 7 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр.
Сондай-ақ, қалаға қарасты елді мекендерде ауыз су жүйелерін жүргізуге 8 жоба бойынша республикалық, облыстық бюджеттен 1 млрд 34,8 млн теңге бөлініп, бұл қаражат 74,5 шақырым ауыз су, 2 дана су жинау қоймасының құрылысына жұмсалады.
Жыл сайынғы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қалаішілік су құбырларының 70 пайызы толық жаңартылды. Бұл бағытқа 16 млрд теңгеден астам қаржы тартылған.