ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ
Сыбайлас жемқорлық заманмен бірге дамып-жетіліп, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» атты тарауында азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіруді жалғастыру мәселелері қозғалды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу, яғни, оның себептері мен шарттарын жоюға ықпал жасау. Осы бағыттағы көкейтесті мәселелерді шешуде, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда заңдылықты жетілдіру жұмыстары Қызылорда облыстық музейінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Мысалы, осы жылдың 25 шілдесінде облыстық музейде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты және музей қызметкерлерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында семинар-сабақ өтті. Шарада жемқорлыққа алып келетін себептер мен одан кейін орын алатын зардаптар талқыланды.
Елбасы Н.Назарбаев: «Сыбайлас жемқорлыққа мемлекет пен қоғам біріге отырып, қарсы күресу керек. Сыбайлас жемқорлық – жай ғана құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің сенімді тұтастығын ажыратып, ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», деген болатын.
Қызылорда облыстық музейі ғасырлардан бері келе жатқан көне дүниелерді жинақтау-сақтаумен айналысатын мекеме ғана емес, өскелең жастарға тәлім-тәрбие беретін рухани орда екені баршаға аян. Елжандылыққа, отансүйгіштікке баулитын, эстетикалық талғамы зор, білімді де жан-жақты жастарды тәрбиелеуге ат салысатын мәдени орын ретінде музей де жастар үшін пайдалы жұмыстар атқарып келеді. Оған музей ұйымдастыратын тарихи-тағылымды жиындар, атақты тұлғалармен кездесу кештер, экскурсия-сабақтар, танымдық конференциялар және т.б. дәлел.
Оқу орны мен музей арасындағы интеграция туған жердің дамуына, көркейіп-өсуіне үлес қосатын «нағыз азаматтар» тәрбиелейтініне сенімім мол. Ал, елін сүйетін «патриот» мемлекет пен қоғамның дамуына тосқауыл болатын сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтіні анық. Сыбайлас жемқорлық – адам табиғатының бұзылуына, адамгершіліктің тапталуына, адамдардың бөлінуіне әкеледі, ал оған деген немқұрайлық – қоғамның ең өзекті мәселесіне айналып отыр.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі. Сондықтан да, онымен күрес жүргізу қоғамның барлық мүшелері үшін маңызды іс болып саналады.
Әйгерім БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
бөлім меңгерушісі