АРАЛ: ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛУДЕ
Күз басталғалы Арал қаласында қалаішілік және аудандық маңызы бар көшелердегі тас жолдарды ағымдағы (кеңейту) және күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Қала көшелеріне сән беріп, көлік қозғалысын реттеуде аса маңызға ие бұл жолдардың тозығы жеткен. Осыдан бір ай бұрын басталған жол жөндеу жұмыстары қазір қарқын алыпты.
Айталық, аудан орталығындағы көлік нөпірі арылмайтын Абай көшесі күні кешеге дейін екі жолақты болып келді. Яғни, бұл көшенің бойымен қатарласып екі көлік жүре алмайды. Оның үстіне ауыр жүк көліктері өзге жүргізушілердің уақытын ұстайды. Ал, айналып өту көлік қақтығысына алып келуі мүмкін. Сондықтан, көшені кеңейту керек. Енді міне, соның куәсі боп отырмыз.
Ал Қосымов көшесінің қиылысынан бастау алатын Абай көшесінің бойы ағымдағы жөндеуден өткізіліп жатыр. Яғни, қаланың кіре берісіне дейінгі 2,4 шақырымды алып жатқан сол көшенің бойы алдағы уақытта кеңейтіледі. Бұл жұмыстар да тамыз айында басталды. Бұл көше қазан айында толықтай қолданысқа берілуі тиіс. Жұмыстың жартысына жуығы аяқталған.
«Нұрас және Компания» ЖШС жолшылары ескі тас жолдың жиегін тегістеп қырып, оған жаңа тас жол төсеп, кеңітіп жатыр. Қазір ол жерге 7 техника, 12 адамнан құрылған жұмыс күші жұмылдырылған. Учаске бастығы – Ж.Байбөлеков.
Бұл жұмыстарға қоса, Арал қаласының кіре берісі мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жалғасып жатқан тас жолдың бойын аталған мердігер компания өз жауапкершілігіне алған.
Қыркүйекте басталған жол жөндеу жұмыстары алдағы жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады. Жолдың жалпы ұзындығы – 9,3 шақырым. Қазіргі таңда оның 4,3 шақырымы қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілуге әзір. Қалған 5 шақырым келер жылдың еншісіне қалған.
Бүгінде тозығы жеткен ескі жолды арнайы ауыр техникалар бұзып жатыр. Жалпы, мұндай жұмыстарды «Нұрас және Компания» ЖШС бірінші мәрте жасап жатқан жоқ. Аталған мердігер мекеме мамандарының тәжірибесі мол, бұған дейін де талай көшелерді тақтайдай кейіпке енгізген.
2002 жылдан бастап жол салумен айналысып келе жатқан мекемеде қазіргі күні 30 адам еңбек етеді. Арнайы техникалары да жеткілікті.