ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Теңіз төскейіндегі тұрғындар отбаслық бизнесті дамытуды қолға алды. Мәселен, Гүлсара Базаралиева отағасы Қуаныш Уайысов екеуі көптеген жылдар бойы бизнесте бірге келе жатырған ерлі-зайыптылар.
Арал қаласындағы «Алтын Орда» құрылыс-заттар дүкені осы отбасыға тиесілі. «Алтын Орда» соңғы бірнеше жылдан бері аудан халқына қалтқысыз қызметін көрсетіп келе жатыр.
Үй саламын және жөндеймін деген азаматтардың ыстық ықыласына бөленген кәсіп иелері әрдайым көңілге қонымды, тұрақты бағада сауда жасауды басты назарда ұстайды. Өзгелерге «құлдай болып қимылдап, бидей болып өмір сүруге» болатынын дәлелдеп жүрген Г.Базаралиева мен Қ.Уайысовтың бизнестегі тәжірибесі мол жандар.
Алғашқы кәсіптерін кішкене дүкен ашудан бастаған еңбекқор жандар, ешқашан тынымды тірлік жасаудан бас тартқан емес. Соның арқасында «Алтын Орда» сауда нысанының ауқымын кеңейтіп, бірнеше жанды жұмыспен қамтып отыр. Құрылыс заттардың бағасына емес, сапасына көңіл бөлу арқылы тұрғындар талабынан табылып отырған кәсіп иесі әңгімеге тарттық.
– Бүгінгі күні отбасылық шағын кәсіп ашуға мүмкіндік мол. Мемлекеттің өзі қолдау көрсетіп, шағын бизнес ашамын дегендерге төменгі пайызбен несие береді. Шетелдерге қатынау, сауда-саттық жүйесі де тиімді жолға қойылған. Зат молайып, сату желісі де кеңейді, - дедйі ерлі-зайыпты кәсіпкерлер.
Нақты кезеңде айналысамын, еңбек етемін деген жанға кәсіптің түрі көп. Өзіңіз қалаған, жаныңызға жайлысын таңдап алып айналыса аласыз. Бизнесті сауатты жүргізген адам мол табысқа кенеледі. Сонымен қатар, өзінің ісі болғандықтан, жеке тұлға, кәсіпкер ретінде деңгейі өседі.
«Сананы тұрмыс билейтін мына заманда бақуатты тұрғаныңыз айып емес. Материалдық жетістікпен қатар, бизнесі бар отбасылардың балалары өмірге ерте бейімделеді. Тұлға ретінде уақытылы қалыптасады. Сонымен қатар, туған-туыс, доспен араласуға, оларға кез келген жағдайда қамқорлық танытуға мүмкіндігі болады. Және де табысымен қатар, әр істің өз қиыншылықтары да бар. Бизнестің идеясы дұрыс таңдалғанда ғана жетістікке қол жеткізе аласыз. Бизнесті идеяларға сүйеніп таңдаған дұрыс», - деп түйді әңгімесін.