КЕНЕГЕ ҚАРСЫ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Қызылорда облысында жыл басынан бері конго-қырым геморрагиялық қызбасына күдікті ретінде 12 науқас тіркеліп, 3 жағдайында диагноздары зертханалық жолмен нақтыланған. Олар – Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі аудандарының тұрғындары.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаеваның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Департамент басшысының айтуынша, КҚГҚ алдын алуға облыс бюджетінен көктем-күзгі жұмыстарына 2018 жылға 178, 867 млн теңге қаржы қаралып, бүгінгі күні оның 89,4 млн теңгесі игерілген.
– «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалына қолайсыз елді мекендер төңірегінде санитариялық қорғаныс аймағын құруға республикалық эпидқордан 73,842 млн теңге қаражат бөлінді. Оның игерілгені – 55 938 млн теңге, - дейді Ұ.Аханаева.
Сонымен қатар, департамент басшысы күзгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыс барысын баяндады. Барлық аудандарда қолайсыз елді мекендерде алдын ала елді мекендер ауласын, мал қораларды қи-қоқыстан механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылып, орындалуы қадағаланғандығын жеткізді.
– Күзгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары 13 тамызда басталып, бүгінгі күні Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария және Жалағаш аудандарында 71 елді мекенде 26,05 ш.м. санитарлық қорғаныс белдеу аймағы, 16982 аула-қора жайлары, 213777 мал бастарына кенеге қарсы өңдеу жұмыстарымен қамтылды, - деді ол.