НАУБАЙХАНАШЫ НАҒАШЫБАЙ
«Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, аймағымызда кәсіп көзін тауып, шағын бизнесін дөңгелентіп отырғандар саны күннен күнге артып келеді. Мемлекет қолдауына сүйенген жас кәсіпкердің бірі – шиелілік Нағашыбай Серікбай.
Ол наубайхана ашуды бала күнінде-ақ армандапты. Өзінің жеке кәсібін ашып, жүргізу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастырған «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқу курсын аяқтап шығады. Нақты кезеңде ол Тартоғай ауылы тұрғындарын нан және нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Кешегі кеңестік заманда «Нан болса ән де болады» деген қанатты сөз болатын. 1995 жылы туған кейіпкеріміз, әрине, ол заманды көрген жоқ. Бірақ нан бар жерде береке болатынын айқын бағамдаған Нағашыбай Өркенбайұлы өз ойын былайша өрнектеді:
– Шағын кәсіпті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет. Бұған қоса, үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы зая кетеді. Нан пісіруді бала кезімнен анамнан көріп, қолғабыс беріп өскендіктен аса қиналмадым. Бастысы, «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді естен шығарған емеспін. Аянбай еңбек етіп келемін. Тұрмысым да берекелі.
Анасы Қамар Жасаева да 30 жылдан бері нан өнімдерін шығарумен айналысқан. Осы отбасылық кәсіпті одан әрі дамыту бағытында өзінің жеке кәсібін ашып, жас та болса, бас болып адал еңбек етіп келеді.
2016 жылы шағын бизнесін қолға алған кезде небәрі 200-дей нан шығарған наубайхана қазіргі уақытта ауылға 150 тандыр нан, 400 бөлке нан мен 200 булке шығарып, Ботабай ауылы мен №17 бекет тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Келешекте тұшпара дайындап сатуды жоспарлауда.
Бүгінде қарамағында 3 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, аудан әкімінің «Жас кәсіпкер» номинациясы дипломымен марапатталған. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкерге, ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіруде.
Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем тек еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады.