БЕСАСПАП КӘСІП ИЕСІ
Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойған маңызды міндеттердің бірі. Шағын және орта бизнес қаншалықты дамыса, ел экономика да соншалықты нығайып, өркендеп өсе бермек.
Елбасы Қазақстан халықына арнаған Жолдауында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет» деп атап көрсеткен болатын. Иә, ел Үкіметі қазір ШОБ-ты дамытуға мемлекет айрықша назар аударып отыр. Осыған орай өз бизнесін кеңейткісі келетін жандар қатары да артып келеді.
Қуаныштысы, алдына биік мақсат қойып, өзінің шағын кәсібін дөңгелетіп отырған жастар облыста аз емес. Осындай іскер жандардың қатарында 1996 жылы Шиелі кентінде дүниеге келген Азиз Абек те бар.
Кейіпкеріміз жеке кәсібін жүргізу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастырған «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқу курсын аяқтапты. Бүгінде ол өз мүмкіндігіне қарай кәсіп ашып, ісін жандандырып отыр.
Азиз цементтен қақпа, шлакоблок шығарады. Аталған бұйымдар құрылыс саласына аса қажетті дүниелер екені белгілі. Бұған қоса, аулада егілетін гүл ыдыстарын, әртүрлі пішіндегі ертегіде кездесетін кейіпкерлерді де жасайды.
– Қазіргі таңда цемент, гипс және бетоннан жасаған бұйымдарымыз ауданымызда сұранысқа ие. Бизнесті сәтті жүргізу үшін екі жылдан бері тынбай еңбектеніп келемін. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, білім алып, кәсіби деңгейімді арттыруға ұмтылып отырамын. Бұл істі бала кезімнен ағам Ержаннан көріп өскендіктен маған отбасылық кәсіпті одан әрі дамыту қиындық тудырма қоймады. Мемлекеттің қолдауымен бүгінде осындай жетістікке жетіп отырмын, – деп ағынан жарылды ол.
Адал еңбегімен елге танылған жандар қай салада да кездеседі. Кәсібі арқылы елдің ризашылығын алып, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетеді.
Жыл сайынғы Елбасы Жолдауы да тұрғындарды ерінбей еңбек етіп, бәсекеге қабілетті кәсіп жасауға үндеп келеді. Осы сенім үдесінен шығып, мемлекет межесін бағындыруға жұмыс жасап жатқан дара кәсіпкердің өзіндік бренд қалыптастыруда мақсаты айқын.
Соңғы жылдары облыста, оңтүстіктегі қос ауданда құрылыс саласы қарқынды жүргізілуде. Құрыш қолды құрылысшылардың қолынан шыққан көпқабатты тұрғындардың үйлерінің ауласының сәнді шығуына шиелілік Айбектің де атсалысуы бәрімізді қуантады. Әрине, қажетті бұйымдардың алыстан арбаламай-ақ, жақыннан табылғанына жұртшылық дән риза.
Ол 2016 жылы шағын бизнесін қолға алған кезде цементтен қақпа жасап, оған қосымша маусымына 2000 дана шлакоблок шығарып, Жаңақорған мен Шиелі аудандары тұрғындарының тұрмыстық қажетін өтеді.
Айбектің шағын цехы жыл он екі айдың 8 айында жұмыс істейді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкерге аудан тұрғындары алғысын білдіруде.
– Мен осы цехтан өндірілген шлакоблок пен қақпа сатып алдым. Сапасы өте жақсы. Өз аудан орталығында осындай тұрмысқа қажетті заттар шығып жатқаны қуантады. Сапасы да жоғары, бағасы да көңілге қонымды, - дейді Шиелі кентінің тұрғыны Мәнсия Әубәкірова.
Иә, шағын бизнес – нарықтық экономикадағы ең тиімді табыс көзі. Ол үшін көп ақша қажет емес, әрі тұтынушыны табу да оңай. Сондықтан да, мемлекеттің алға қойған негізгі бағыттарының бірі – ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің көлемін 45-50 пайызға көбейту.
Өңірдің өсіп-өркендеуіне құрылыс саласы мамандары мен құрылысқа қажетті өнімді шығарып отырған шағын кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі қомақты.
Шиелі ауданы