БАПТАЙ БІЛСЕҢ, ЖЕР ЖОМАРТ
Ақсу ауылына қарасты «Сәрке батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күріш алқабына орақ түсті. Жер-Ананы күтіп-баптап, тер төксең, өнімді де төгіп береді. Серіктестік диқандары бірлік пен тынымсыз тірліктің арқасында биыл да бітік күріш өсірді. Мұнан басқа да ауданның бірқатар шаруашылықтары егістік атыздарды кептіріп, саралап оруды бастады. «Ендігі мақсат – ел ырысын ысырапсыз жинап алу» дейді серіктестікке қарасты «№1 бригадаға» жауапты басшы Пернебай Қарамендиев. Жалпы, егінге алғашқы орақ осы бригададан бас¬тау алғаны тегін емес. Атыздағы күріштің әр сабағы алтын дәнді көтере алмай, төгіліп тұр. Диқандар бұйырса, әр гектардан 60 центнер өнім алуды межелеп отыр.
Алғашқы орақ салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев пен ауылдың диқан-механизаторлары, еңбек ардагерлері қатысты. Алғашқы орақтың лентасы қиылып, ардагер, ауданның құрметті азаматы Байна Наршаева елге бере¬келі мол өнім тілеп, батасын берді.
Серіктестік төрағасы Талғат Бодыбайдың айтуынша, биыл шаруашылық 1400-ден аса гектар жерге күріш егіп, күтімге алды. Мұнда барлығы 150-ге жуық адам еңбек етеді. Егін жинау науқанына қатысатын су жаңа жатка, комбайндары мен астық тасымалдайтын техникалары сақадай сай тұр. Егістіктегілер күзгі жиын-терім науқанын межелеген уақытта толық аяқтаймыз дейді.