ӨМІР ҮЙРЕТЕДІ, ЕҢБЕК ШИРАТАДЫ
Тамыз айында Қызылорда қаласында облыстағы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы аясында «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің көрме-байқауы өткені мәлім. Сол көрме-байқауда жүлделі екінші орынды Ерлібек Жармаханов алған еді.
Кейіпкеріміз осыдан 5-6 жыл бұрын «Даму» қорының қолдауымен шеберхана ашыпты. Жеңіл аяқ киімдер мен мәсіні осы шеберханада тігеді. Әу баста бұл кәсіпті өз балаларының аяқ киімін жөндеуден бастаған екен. Өз ісіне тиянақты жігітке бірте-бірте бүкіл ауыл-аймақ келетін болды. Аяқ киімдерді жамап-жасқап беретін мұның ептілігіне ел дән риза. Осылайша, таза табиғи материалдан тіккен тәпішке мен мәсісіне бірте-бірте сұраныс арта түседі.
Қармақшылық жігіт осыдан 18 жыл бұрын жол апатының кесіренен мүгедектер арбасына таңылды. Бірақ 4 баланы өсіріп-жеткізудің жауапкершілік жүгін өзінен басқа ешкім көтермейтінін ойлағанда алға қарай ұмтылды. Өздігінен қозғала алмайтынына қарамастан қатардан қалмады. Жағдайын айтып, ешкімнің алдына бармады. Он екі мүшесі сау, аяқ-қолы бүтіндермен қатар жұмыс істеді.
Етікшілікті кәсіп еткен Ерлібек оны өркендетсем деп армандады. Ізденген адамның алдынан қолдаушылар шығатына сенді. Міне, осы сәтте «Даму» қоры туралы, ондағы «Жұлдыздарға қара!» жобасы туралы естіді. Іздеп барды. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, өз шеберханасын ашты. Сол жылы грант қаражатына етік тігетін машина мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алды. Қолынан шыққан өнімдерін көрме-конкурсқа әкелгені де осы бастаған ісін бітірмей тынбайтын табандылығының арқасы.
– Облыс әкімінің қолынан 700 мың теңгенің сертификатын алдым. «Енді аяқ киім тігетін станокқа қолым жетсе» деген мақсатыма бір табан жақындадым деп есептеймін. Ұйымдастырушылар бізге сенім артып, қолдау білдіру арқылы қаншама отбасына сенім мен шаттық сыйлады,– дейді Е.Жармаханов.
Өмірде кездескен қиындықтарға шыдамай морт сынып кететіндер бар. Бұл олардың санатынан емес. Ерлібек Жармаханов сияқты ерік-жігері мықты жанды қалайша басқаларға үлгі етпеске? Иә, өмір үйретеді, еңбек ширатады деген осы.