ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ ЖЫЛ СОҢЫНДА ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы департаментінің басшысы А.Мұхимов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Е.Тленов «Protecting business and investments» жобасын аймағымызда тиімді жүзеге асыру мақсатында Шиелі ауданында болып, бірқатар өндіріс орындарын аралады.
Нақты кезеңде оңтүстіктегі ауданда бірнеше маңызды жоба қолға алынған. Солардың бірі – "Гежуба Шиелі цемент компаниясы" ЖШС-нің тампонажды цемент өндіретін зауыт құрылысы. Жоба құны – 64 млрд. теңгені құрайды. Департамент басшылары алдымен облыстағы ірі инвестициялық жобалардың бірінен саналатын цемент зауытының құрылысымен танысты. Айта кетейік, зауыт толықтай пайдалануға берілгенде жылына 1 миллион тонна цемент шығара алады. Қуаттылығы жоғары зауыт биылғы жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріледі.
Нақты кезеңде зауытқа электр энергиясы тартылып, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Гежуба Шиелі цемент компаниясы" ЖШС басшылығының айтуынша, жұмыстың қарқынды жүргізілуіне ешқандай кедергі жоқ.
Мұнан соң департамент басшылары аудан экономикасына елеулі үлес қосып отырған бірден бір кәсіпорын – пластикалық құбырлар шығаратын «Кемикал Н» ЖШС-нің өндіріс орнында болып, кәсіпорынның жұмысын назарға алды.
Департамент басшылары кәсіпорындарда болған кезде басшылық өкілдерімен кездесіп, «Protecting business and investments» жобасының маңыздылығына тоқталды.