ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында 12 мәселе қаралды. Оның 5-і тәртіптік істер болса, 7-і өзге де мәселелер болды.
Атап айтқанда, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстары жайлы есебі тыңдалды.
Келесі кезекте облыстық білім басқармасына қарасты кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының қызметінде және Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау қорытындылары қаралды.
Сондай-ақ, Кеңес отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру және электронды қызметтердің үлесін арттыру бағытында атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Бұдан кейін, Қармақшы мен Шиелі ауданы әкімдіктерінің және Қызылорда облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тәртіптік комиссиясының жұмыс нәтижелері қаралып, тиісті ұсынымдар енгізілді.
Кеңесте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қ. Ерташованың тәртіптік ісі қаралды. Облыстық ішкі істер департаментімен ұсынылған ұсынымда Қ.Ерташованың теріс қылық жасағанын қуаттайтын дәлелдемелер жеткіліксіз болуына байланысты Кеңес шешімімен тәртіптік іс тоқтатылды.
Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбековтің тәртіптік ісі бойынша, әрекеттерімен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 50-бабының 1-тармағының 4)-тармақшасында көзделген шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін Кеңес шешімімен Шиелі ауданының әкіміне М. Әшірбековке «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасын қолдану ұсынылды.
Мемлекеттік сатып алу конкурстық комиссиясының мүшелері Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Т.Базарбаев және Жаңақорған аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Төреқожаев пен бас маманы Э.Шоқыбаеваның тәртіптік істері қаралды.
Кеңес шешімімен Т.Базарбаев, Ә.Төреқожаев және Э.Шоқыбаеваның әрекеттері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 1)тармағының 11)тармақшасында жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде бағаланып, тиісті мемлекеттік орган басшыларына оларға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасын қолдану ұсынылды.