БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ
Қармақшы ауданында жас мамандар «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде баспаналы болуда. Бұл туралы аудан әкімі Сұлтан Мақашов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Биылғы жылы жас мамандарға қолдау көрсету бағытында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 44 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін 146,9 млн. теңге несие берілген.
Сондай-ақ, ауданда мектеп, емхана, балабақша салынып, ел игілігіне берілуде. Газ мәселесіне келсек, нақты кезеңде аудан тұрғындарын көгілдір отынмен жабдықтауда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына қосу, яғни аймақ халқын газдандыру мақсатында жұмыстар жалғасын табуда.
Брифингте аудан әкімі Сұлтан Мақашов алдағы жұмыс жоспарымен де таныстырды. Бұған қоса ол экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орнын ашу, салық түсімдерін молайту мен өңірге инвестиция тарту жұмысының жандана түсетінін айтты.
Баспасөз мәслихаты соңында аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.