АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АГЕНТТІК ТӨРАҒАСЫНА ШАҒЫМ БЕРУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері Қызылорда облысының шалғай ауылдарын аралап, жергілікті тұрғындармен, шаруа қожалықтарымен кездесті.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Бердалин Қызылорда облысына 4 күндік жұмыс сапарымен келіп, іссапарын Қармақшы ауданының Тұрмағамбет, Дүр Оңғар ауылдарынан бастады.
Департамент директоры А.Бердалин Тұрмағамбет ауылында күріштік басында болып, шаруашылық басшыларымен кездесті.
Агенттік өкілдері жергілікті қауымдастық өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесуде әрбір азамат «Фейсбук» әлеуметтік желісі және «Телеграмм» мессенджері арқылы тікелей Агенттік төрағасы А.Шпекбаевқа сұрағын қойып, өтініш қалдыра алатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, аудан орталығы Жосалы кентіндегі арнайы мониторингтік топ мүшелері және мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, кәсіби мемлекеттік аппарат құру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы пікірлесті. Соңында қойылған сауалдарға жауап берді.