ҚЫЗЫЛОРДАДА ОЛИМПИАДАЛЫҚ РЕЗЕРВ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНА КОЛЛЕДЖ МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ
Александр Зайчиков, Алмас Өтешов, Дәулет Ниязбеков және басқа да чемпиондар оқыған Жалаңтас Бахадүр атындағы Қызылорда облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша студенттер даярлайтын мектеп-интернат-колледж мәртебесі берілді.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев оқу орнының жұмысымен танысып, ұжымды жаңа оқу жылымен құттықтады.
«2001 жылы Қызылорда облысында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып тұңғыш рет ашылған бүгінгі мектеп-интернат-колледждің тарихы терең. Талай қазақ баласы білім алып, ел игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Білім мен тәрбие беру жолында есімдері елге танымал, Әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері түлеп шықты.
Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков, Олимпиада ойындарының қатысушылары, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, еркін күрестен 3 дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков, дзюдодан жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы, тұңғыш Әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаев, ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының қатысушысы Қуаныш Рахатов сынды спортшыларымызды мақтанышпен айта аламыз. Игі бастамаларыңызға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен жеңістер, педагогикалық ізденіс, жаңа серпін тілеймін!» - деді аймақ басшысы.
Нақты кезеңде мектеп-интернаттың 5 сыныбында 200 оқушы оқиды, ал колледжде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша 20 студент білім алуда.
Биылғы жылы оқу орнында 8 ҚР спорт шебері, 38 спорт шеберлігіне үміткер даярланып, ұлттық құраманың қатарына 31 оқушы өтті. 2017-2018 оқу жылында мектеп-интернат оқушылары ҚР чемпионаттарында 132 медаль иеленді. Нұрдәулет Аманқосов пен Құндыз Жылқыбай Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды. Сондай-ақ, мектеп және колледж оқушылары арасындағы ҚР 9-шы жазғы спартакиадасында мектеп-интернат оқушылары 28 алтын, 14 күміс, 15 қола жүлде жеңіп алды.
Сонымен қатар, қазан айында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтетін ІІІ жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына мектеп-интернат оқушылары Диас Бахрадин, Эльнура Нурланова байдарка және каноэден есу бойынша, ал Ерасыл Ергенбай мен Есенгелді Сәпи ауыр атлетикадан қатысады.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс спортшылары ҚР чемпионатында 1044 медаль (350 алтын, 321 күміс және 373 қола медаль), Азия және Әлем чемпионаттарында 80 медаль (30 алтын, 29 күміс, 21 қола) иеленді. Олардың қатарында 1 спортшы – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 40 спорт шебері, 878 спорт шебері кандидаты мен 1-ші дәрежелі спортшылар бар.
Қазақстан Республикасының құрама командасына аймақтың 470 спортшысы қосылды.