«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» ЖОБАСЫНЫҢ ИГІЛІГІ
«Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрменкеге аудандық Ордакент ардагерлер және жастар ресурстық орталықтары да ат салысты. Жалпы, жәрмеңке барысында 14 мамандық түрлері бойынша 27 бос жұмыс орындары ұсынылып, 6 азаматқа жолдама беріліп, 6 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтың бірі – Салтанат Құланбаева.
С.Құланбаева экономист мамандығы бойынша орта арнаулы оқу орынын бітірген. Алайда, мамандығы бойынша еш жерге жұмысқа орналаса алмаған. Сол себепті «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына жұмыс сұрап өтініш те берген.
– Бүгін арнайы ұйымдастырылған жәрмекеге партия қызметкерлері шақырып, «Еркетай» балабақшасына көмекші тәрбиеші болып жұмысқа орналастым,- дейді қуанышымен бөліскен С.Құланбаева.
Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жаңабек Тұрлыбековтың айтуынша, «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, ауданда жыл басынан 11 жәрмеңке ұйымдастырылған. Нәтижесінде 119 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. «Олардың 26-сы мүмкіндігі шектеулі жандар»,- дейді орталық басшысы.
Шара соңында «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев жұмысқа орналасқан азаматтарға сәттілік тіледі.