ЖАҢАҚОРҒАНДА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖОЛ АШЫҚ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев ауданда кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Аудан басшысының айтуынша, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту, Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес ауданда үстіміздегі жылы 250 жоба бойынша несие алу жұмыстары жоспарланып отыр. Осы бағдарламаның ІІ бағыты «Бастау Бизнес» жобасына 92 адам оқып сертификаттарын алды. Сонымен қатар, «Бизнес-кеңесші» жобасына биылғы жылы барлығы 129 адам оқытылды.
Жаңақорған ауданы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандары бойынша облыста алдыңғы қатарда тұр. Қазіргі таңда 5 сервистік қызмет көрсету нысаны ашылып, халық игілігіне жұмыс жасауда.
Бүгінде 5 нысанда 30 жуық адам жұмыспен қамтылса, әлі де 20-дан астам жұмысшыға көнкөріс көзі ашылады.
Сондай-ақ, ауданда пилоттық жоба негізінде үйрек шаруашылығы қарқынды дамуда.
«Ақүйік ауылдық округіндегі «Қаратау-Ақүйік» АӨК-нің мүшелері үйрек шаруашылығын дамыту мақсатында Қызылорда өңірлік ивестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несие алып жұмыс жасауда. Бүгінде Жайылма ауылдық округінің тұрғыны Әлменов Қайрат 3 млн.теңге несие алып, 1000 бас үйрек алып өз кәсібін жандандыруда. Сонымен қатар, Ақүйік ауылынан кооперативтің төрт мүшесі несие алып, үйрек алуға қора жайларын дайындап отыр», - деді аудан әкімі Ғ. Әміреев.