ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев пен облыс бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ғанибек Отарбаев ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтеуші азаматтармен кездесіп, осы жылғы 31 шілдеде қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған заң нормалары күшіне енгені туралы құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аталған шараны Қызылорда облыстық прокуратурасы мен ҚАЖ департаменті бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесуде жалпы түзетулер Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық атқару кодекстерінің 300-ден астам баптарына енгізілгені айтылды. Күш көрсетумен байланысты емес қылмыс жасағы үшін сотталғандарға жаза мерзімі төмендету және жазаны өтеу жағдайын жеңілдету мүмкіндігі қаралған. Бүгінгі күнге барлық қылмыстық істерге, үкімдерге ревизия жүргізіліп, олардың қайтадан қаралуы қамтамасыз етілуде.
Түзеу мекемелерінде жаза өтеп отырған 14 сотталғанның жазасын жеңілдету мүмкіндігі пайда болды, басым көпшілігі меншікке қарсы қылмыстар. Қазіргі таңда олардың 3-еуінің әрекеттері қайта сараланып, сотпен жазалары төмендетілген, қалған өтініштер соттың өндірісінде.
Кездесуге мекемеде жазасын өтеуші 44 азамат қатысып, толғандырған мәселе төңірегінде сұрақтарын қойды. Жиі қойылған сауалдар – мерзімінен бұрын босату тәртібі мен шарттары, жазасының өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыру. Әрбір азаматтың мәселесі ескерусіз қалмады. Олардың әрқайсысы толғандырған сауалдарға толыққанды жауап алды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, әрекеттері жаңа заңның қолданылу аясына сәйкес келетін барлық сотталғандарға құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетілетін болады.
Қызылорда облысы бойынша
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті