БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ДӘРІГЕРЛІК КӨМЕК КӨРСЕТУ ТУРАЛЫ ҚҰЖАТ ҚАРАЛДЫ

Хаттамаға 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының ХІV форумының барысында қол қойылған болатын.
Қазіргі кезде қолданыстағы келісім аясында қазақстандық азаматтарға, Байқоңыр қаласының 48 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмекті Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес ресейлік медициналық ұйымдар ғана көрсетеді.
Қазақстанда көрсетілетін медициналық көмектен айтарлықтай өзгешеліктер болуына байланысты біздің азаматтарымыз Қазақстанның заңнамасына сәйкес кепілдік берілген медициналық көмек көлемін, тегін дәрілік құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар алу, профилактикалық медициналық (скринингтік) тексерулерден өту құқығымен қамтамасыз етілмеген. Байқоңыр қаласының тұрғындары Қазақстанның барлық өңірлерінде қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізе алмауда, бұл мүгедектікке және өмір сапасын төмендетуге алып келетін келеңсіз жағдайлар қаупін ұлғайтып отыр.
Заң жобасын қабылдау Хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын азаматтарына Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес еліміздің денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көмек көрсетуі мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.
Заң жобасын қабылдау теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарларға алып келмейді, оны іске асыру барысында мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындары болмайды.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.

