ДИҚАНДАР ЕГІСТЕН МОЛ ӨНІМ КҮТЕДІ

«Ауданның негізгі бағыты ауыл шарушылығы саласы болғандықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық бердік», - деді аудан әкімі Сұлтан Мақашов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Аудан екбеккерлері 2018 жылдың көктемгі дала жұмыстарын мерзіміне сәйкес жасап, аяқтады. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 255 гектарға, ал суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 359 гектарға азайтылған. Ал жаздық бидай 8 гектарға, бақша 4 гектарға, көкөніс 100 гектарға, мақсары 362 гектарға көбейді. Күріштің «Тором Хошеми» ирандық сортын «Ақтөбе и К» ЖШС 300 гектарға екті.
Ауа-райының қолайсыздығы біршама қиындықтар туындағанымен диқан қауымы бітік, мол егіс өсіре білді. Шаруашылық басшылары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде су тапшылығы болжамын түсіне отырып, 1 мың гектарға жуық егісті еккен жоқ, яғни каналдың ең аяғындағы «Алдашбай ахун» ауылдық округінде күріш орналастырылмады. Қабылданған шаралардың нәтижесі мен диқан қауымның тынымсыз еңбегі өз жемісін берді, егіс судан қалған жоқ.