БІТІУШІ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ОҚУМЕН ҚАМТЫЛУ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ
«2017-2018 оқу жылының басында Шиелі ауданында 41 мектепке 16517 оқушы 856 сынып комплектісіне тартылды. Барлығы 2708 мұғалім сабақ берсе, олардың 2556-сы жоғары, 149 арнаулы орта білімді мамандар».
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Әшім Оразбекұлы осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл аудан бойынша 11-сыныпты 892 оқушы бітірген. Оқу жылының қорытындысымен 20 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, 2 оқушы «Үздік аттестат» алды. Ал 9-сыныпты бітіруші оқушылардың 106-сы «Үздік аттестат» иеленді.
11-сыныпты бітіруші 892 оқушының ҰБТ-ға қатысуға 518-і (55,1%) тілек білдірді, нәтижесінде ҰБТ бойынша орта балл-81,4 құрап, өткен жылмен салыстырғанда - 1 балға көтерілді.
Мемлекеттік грант саны – 312. Оның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша грант саны – 141. Яғни, педагогикалық мамандықтарға – 82, медициналық мамандықтарға – 19, техникалық мамандықтарға – 148, ауыл шаруашылық мамандықтарына – 33, қызмет көрсету саласына – 12, әлеуметтік салаға – 15, өнер саласы бойынша 3 түлек мемлекеттік грант иеленген. Сонымен бірге білімді де белсенді жастарға жылма жыл бөлінетін облыс әкімінің грантын 27 түлек иеленіпті.
Оқу бітірген түлектердің 35 пайызы білім грантын иеленсе, 51 пайызы түрлі оқу орындарына түсті. Жалпы, Шиелі ауданында биыл мектеп бітіруші түлектердің 98 пайызы оқумен қамтылып отыр.