ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ АСТАНА КҮНДЕРІ
Еліміздің бас қаласының 20 жылдығы құрметіне ауқымды жоба аясында Қызылорда облысында Астананың күндері өтеді. 6-8 қыркүйек күндері Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақтары қызықты мәдени бағдарлама тамашалайды. Барлық шараларға кіру тегін.
6 қыркүйек күні сағат 11.00-де елордалық Қуыршақ театрының труппасы А. Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінің сахнасында өзінің үздік қойылымдарының бірі – «Мәңгілік Бала бейне» спектаклін көрсетеді.
Шығарманың авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанова. Айта кетейік, осы аттас шығарманың желісі бойынша қойылған қойылымдар еліміздің басқа да көптеген театрларында сахналанған болатын. Алайда, басты кейіпкер Ләйлә қуыршақ түрінде алғаш рет ұсынылып отыр.
7 қыркүйекте сағат 18.00-де Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ-музыкалық драма театрында «Астанадан ақ тілек» атты гала-концерт өтеді. Кеш бағдарламасында эстрадалық би, «Шалқыма» халық биі ансамбльдері, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері өнер көрсетеді. Сонымен қатар, сахна төрінде отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Индира Расылхан, Айгүл Иманбаева, Дос, Алмас Кішкенбаев ән шырқайды.
7-8 қыркүйекте Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ-музыкалық драма театрында сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін 14 өңірді аралап шыққан «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесі ұйымдастырылады.
Экспозицияға С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Күлбатыров, С.Аллабергенов, Н.Каржасов т.б. сынды танымал 50 отандық суретшінің 100 үздік туындысы қойылады. Көрмеде Жанна Спунердің жеке коллекциясындағы еңбектерді, сонымен қатар, астаналық шеберлердің картиналары мен мүсіндерін тамашалауға болады. Елордалық көрмеге келушілер отандық қылқалам шеберлерінің өнеріне, шығармашылық әлеуеттеріне өз бағасын береді.
Коллекцияны Тәуелсіздік сарайы ұсынады. Көрменің салтанатты ашылуы 7 қыркүйекте сағат 15.00-де басталады.
Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы