ВИЦЕ-МИНИСТР МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ БАЙҚОҢЫРДА ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАТЫНЫН ТҮСІНДІРДІ
Байқоңырдағы ресейліктердің бір бөлігі Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ресейлік кәсіпорындарда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін 1 АЕК көлемінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша төлем қарастырылған. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар секілділер ескеріледі. Мәселен, ресейлік медициналық сақтандыруда азаматтар өз бетінше төлемейді, олар үшін кәсіпорын тиісті төлемдерді жүзеге асырады. Бұл ретте біздің азаматтар екі мәрте төлем жасамайтын болады. Олар айына бір рет төлемді енгізіп, қызметтердің толық көлемімен қамтылады», - деді А. Цой.
Вице-министрдің атап өтуінше, хаттамада «Байқоңыр» кешеніндегі ресейлік кәсіпорындардың қызметкері болмаса да, Байқоңыр, Төретам және Ақайда жұмыс істейтін РФ азаматтарын сақтандыру қарастырылған. Яғни, олар Қазақстан азаматтарымен бірге медициналық қызметтерді алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Айта кетейік, комитеттің бүгінгі отырысында «2009 жылғы қарашадағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Алексей Цойдың сөзіне қарағанда, Байқоңырда Қазақстан азаматтарына медициналық көмекті көрсетуге қатысты шаралар осы кезде жеткіліксіз іске асырылуда. Осылайша, ресейлік медициналық ұйымдары ұсынған ҚР азаматтарына медициналық көмек Қазақстан аумағындағы тегін көмектің кепілдік берілген деңгейіне сәйкес келмейді. Еліміз азаматтары скринингтік зерттеулермен қамтылмаған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Байқоңыр тұрғындарында қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмекті алу мүмкіндігі жоқ. Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын ҚР азаматтарына ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерімен медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 12 тамызында Байқоңыр қаласында Қызылорда облыстық медициналық орталығының филиалы пайдалануға берілген болатын. Сонымен қатар, 2018 жылғы қаңтардан бастап қалада 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашылды. Қазіргі уақытта бұл емханаға 17 мыңнан астам тұрғын тіркелген. 2019 жылы операциялық бөлімді және жансақтау бөлімшесін ұйымдастыру мен хирургияны ашу жоспарланып отыр.
Алайда Байқоңыр қаласының аумағындағы қазақстандық медициналық ұйымдардың қызмет көрсету құқығын бекіту - тек келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енгеннен кейін мүмкін болады. Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға алып келмейді.
Комитет отырысындағы талқылаудан кейін, депутаттар заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару шешімін қабылдады.