АЙМАҚТА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ІСКЕ АСУДА
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе халықты жұмыспен қамту. Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және жұмысқа тарту бағытындағы жол картасының орындалуы жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлама жасады. Айтуынша, жыл басында 115 мыңнан астам қызылордалықтың әлеуметтік мәртебесі нақтыланбаған болса, бүгінде соның 50%-тен астамына қатысты мәселе шешілді. Қалған бөлігінің 70%-і – өз бетінше жұмыспен қамтылған, тіркеуде жоқ жұмыссыз азаматтар. Жыл басында бұл санаттағы азаматтар саны 97 мыңнан асып жығылса, одан беріде қыруар шаруа атқарылып, нәтижесінде көрсеткіш 60%-ке төмендеді.
– Әлеуметтік мәртебесі нақтыланбаған 37 мың адаммен еңбек келісімшарты жасалып, зейнетақы жарнасы аударыла бастады. Өткен 7 айда 8 мыңдай жұмыс орны құрылды, оның 96%-і – тұрақты жұмыс орындары. Жұмыспен қамтудың кешенді жоспары 60%-ке орындалды. Жастар тәжірибесін аяқтаған 400-ден астам жастың 18%-і ғана тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді басқарма басшысы.
Елбасы жүктеген тапсырманы орындауда кедергілер жоқ емес. Соның бірі ретінде аймақ басшысы ауылдық округ әкімдерінің жиі ауыстырылуын алға тартты. Мысалы, 2013-2017 жылдар аралығында 40 елді мекенде ротация болса, биыл 8 айдың өзінде 29 ауыл әкімінің орны жаңарды.