ЗАҢГЕР КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАДЫ
Кәсіпкерлер палатасының заңгері Салават Құлмахан сотта кәсіпкердің мүддесін білдіріп қатысып, нәтижесінде кәсіпкер 4 млн.949 мың теңге қаржысын үнемдеп қалды және ең бастысы мемлекеттік сатып алуда «жосықсыздықтан» құтқарылды.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында облыстық құрылыс, архитектура және қалақұрылысы басқармасы тарапынан «Мұнай құрылыс» көпсалалы құрылыс фирмасы» ЖШС-н мемлекеттік сатып алуда жосықсыз қатысушы деп тану, сондай-ақ жұмыстарды толық аяқтамады деген желеумен 5110560 теңге айыппұл төлету туралы талабы қаралды.
2017 жылы «Мұнай құрылыс» компаниясы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, «Сырдария ауданы, Ақжарма ауылында спорт кешенінің құрылысын салу» лотын ұтып алады. Жоба құны 189 млн. 280 мың теңге. Орындау мерзімі 2018 жылдың 13 шілдесі.
Кәсіпкер жұмыстардың негізгі бөлігін бітіріп, тек 9464005,7 теңгенің құрылыс жұмыстарын объективті себептерге байланысты уақытылы тапсыра алмаған.
Бірінші себеп, ауа-райының қолайсыздығы. «Казгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметі бойынша 2018 жылдың наурыз, сәуір айлары жауын-шашынды болған. Бұл жағдай құрылыс жұмыстарын жүргізуде айтарлықтай кедергі болған. Себебі спорт кешенінің конструкцияларын жинау барысында технология сақталу қажет, яғни метал құрылымдары қылдан, кірден, майдан, тот пен ылғалдан, мұздан және қардан таза болуы қажет. Осы технологиялық процестерді сақтау үшін кәсіпкер тарапынан сметалық жобада көрсетілген жұмыстар талапқа сай атқарылған.
Екінші себеп, Ақжарма ауылдық округінде электр желілері, электр бағаналары мен трансформаторларды толық ауыстыру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты күніне 3-4 сағатқа дейін электрэенергиясын беру тоқтатылған. Бұл жағдай да құрылыс жұмыстарына кері әсерін тигізген.
Сотта облыстық құрылыс басқармасы тұрақсыздық айыбын жалпы сомадан алып есептеп, 5110560 теңгені өндіруді талап етебі. Палата заңгері барлық жұмыстардың дер кезінде бітіріліп, 2018 жылдың 5 маусымына дейін 179815994 теңге қаржы аударылғандығын, кәсіпкер тарапынан тек 9464005 теңгенің міндеттемелері 17 күнге кешіктіріліп тапсырылғандығын, тұрақсыздық айыбын осы сомаға және сол мерзімге есептегенде 160888 теңгені құрайтынын дәлелдеп шықты.
Қос тараптың уәждерін тыңдаған сот облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының талап арызын ішінара қанағаттандырады. Нақты айтқанда, кәсіпкерге 160 888 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 4827 теңге мемлекеттік бажды төлеуді міндеттеп, басқарманың кәсіпкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабын қанағаттандырусыз қалдырады.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі