ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КӘСІПКЕРДІҢ ШЕКТЕЛГЕН ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ
Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен«Protecting Business and Investments» жобасы аясында «Медикеа ИИС» ЖШС-нің құқықтары қорғалды.
«Медикеа ИИС» ЖШС Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшыларының әрекеттерінен бизнес субъектісінің заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы өтініш білдірген.
Өтініште көрсетілген мән-жайларды анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдары өкілдерінің және серіктестік өкілінің қатысуымен кездесу өткізілді.
Кездесуде облыстық жұмыспен қамту басқармасының мемлекеттік сатып алу барысында протезді-ортопедиялық бұйымдарға негізсіз тіркеу куәліктерін талап еткені және бұл өз кезегінде «Медикеа ИИС» ЖШС-не көрсетілген қызметтер үшін 118млн. теңгенің төленбей отырғанына әкеп соққандығы анықталды.
Кездесу нәтижесімен Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарттан туындайтын барлық талаптарын қанағаттандыруға міндеттеме алды.