КӘСІПКЕРГЕ ТЫҢ КЕҢЕС
Елбасының Үндеуінен туындаған бес бастаманың бірі – «Шағын несие беруді көбейту». Яғни, екінші бастамада 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу тапсырылды. Бұл бастама әсіресе, ауылдағы ағайынның кәсібін дамыту үшін айрықша маңызды. Сондықтан, шағын бизнесті дамытуда қаржы көздерін қайдан алуға болады? Мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер бар? Осы сауалдарға жауап беру мақсатында облыстан арнайы мамандар Қожакентке ат басын бұрды.
Жалпы, Қожакент мал шаруашылығы жақсы дамыған ауыл. Құт дарыған ауылда Елбасы тапсырмалары тиянақты жүзеге асып, шағын кәсіптің шырайы кіре бастады. Кәсіпкерлікті дамытуға жетекшілік ететін жауапты маман облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов жиынды ашты. Ауыл әкімі Асылбек Айтжанов төрағалық еткен жиында алдымен сөз алған Ерсұлтан Амантайұлы өңір басшысының жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп атағанын түсіндірді. Әрі, мемлекет тарапынан жеңілдік, несие мен субсидияны қалай алуға болатын егжей-тегжей түсіндірді.
Келесі кезекте, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микро қаржылық ұйымы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Самат Ерниязов орталықтан жеңілдікпен несие алу қалай жүзеге асатынын және оған қандай құжат керектігін нақтылады. Бұл кәсібін енді дөңгелету үшін іске кіріскен шаруаларға тиімді болмақ. Сондықтан, жиынға Түгіскен мен Келінтөбе тұрғындары қатысты.
Бүгінде Қожакент ауылында 69 шаруа қожалық пен 190 кәсіпкер бар. Шаруалардың басым бөлігі мал бордақылау алаңын құрып, кооперативке біріккен. Олар қаржы көзін «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» АҚ Қызылорда облысы филиалынан алып отыр. Сондықтан, филиалдан арнайы келген маман Айдос Алматұлы қаржылай қолдау қорының несиелеу саясатын, кепіл болатын мүліктің қанша пайыз бағаланатынын түсіндірді. Себебі, жаңадан кәсібін бастаған ауылдықтар көбіне жылжымайтын мүлік ретінде баспаналарын кепілдікке қояды.
Соңғы болып сөз алған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының маманы Малика Сұлтанбекқызы облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытуда жүзеге асып жатқан жұмыстарды саралады. Оның ішінде грант бөлу мәселесі көпті қызықтырды. Соңыра қарай түсіндірме жұмысы сұрақ-жауаппен жалғасты.
– Күн тәртібіндегі негізгі мақсат – шағын кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту бағытында тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізу болатын. Қожакенттіктер көкейде жүрген сауалдарына жауап ала алды деген сенімдеміз. Шыны керек, бізде шағын кәсіпті дамыту жақсы дамып келеді. Жиында сөз болғандай, тегін гранттар ұсыну жайын қарастырып жатырмыз. Әзірге ауылдағы қос азаматқа грант алып беруге ұсыныс тастадық, – деді ауыл әкімі. Оның бірі – Қуаныш Зұлпыхаров екен. Тумысынан мүмкіндігі шектеулі жан болғанымен компьютерлік қызмет көрсетудің шебері көрінеді. Технологияның тілін ұққан жасқа қолдау білдіретінін қаладан келген мамандар қолдады. Екінші азамат Арыстан Нартаев есімді омарташы. Бал арасын кәсіп еткен ауыл азаматы істің қыр-сырын жетік меңгергенін жасырмады.
Жиынды қорытқан аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков осы бағытта жүйелі жұмысты жандандыра беруге шақырды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ