МАРАФОНШЫ ҚАРИЯ
Елбасы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2020 жылы елімізде бұқаралық спортпен шұғылданушыларды 30 процентке жеткізуді жүктеген болатын. Демек, бұқаралық спортты дамыту мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Басты міндеттердің бірі санап отырған бүгінгі қоғамда осындай азаматтардың көрсетер үлгісі, берер тәлімі мен үлгілі өмір жолы әрбір жеткіншек ұрпақ өкілдеріне сабақ болса екен дейміз.
Жасы келген адам желаяқ атана ма деп күмәнданарсыз бәлкім? Жетпіс жастағы желаяқ қария Арал ауданында тұрады. Ол 1948 жылы теңіз жағасындағы шағын ғана Мергенсай ауылында, қарапайым ғана отбасында дүниеге келді. Сол кездегі ақ көбігі жағаға соғып жататын қарт Аралдың толқынына шомылып өскен бала әкесінің жанында жүріп, қолғабыс етеді.
Ауылдың маңындағы биікке мал жайып, қайтадан қоралау жұмысы бала Серіктің күнделікті әдетіне айналған. Жайылым – 6-7 шақырымдық жерде. Сол жерге жүгіріп барып, жүгіріп келіп дағдыланған жан үшін оның қашықтығы да білінбейтін болып кетті. Осылай бала кезден басталған тынымсыз тірлік кейін өмірлік спортына айналды. Бүгінде жетпіс жастағы қария көлікке мінуді қажетсінбейді. Қайта құдай берген қос аяғым сау болсын дейді.
– Мен бала күнімнен спортқа бейім болып өстім. Қимылым ширақ, денемді жеңіл сезінетінмін. Дегенмен бір жақсылыққа бір істің себепші болары анық қой. Мен сол бала күнгі жүгіруімнің арқасында өмірлік мұратымды тапқандаймын. Алғашқыда бұл үйреншікті, қалыпты тірлік секілді көрінетін. Ер жете келе менің жүгіруге деген қызығушылығым оянды, – дейді қария.
Қызығушылықтан кәсібилікке ауысқан Серік Сәдуақасұлы бүгінде көпке үлгі боларлық жан. 2016 жылы ел Тәуілсіздігіне 25 жыл толуы құрметіне Арал мен Қызылорда қалаларының арасын жаяу жүгіріп өтіп, атаулы мерекеге өз үлесін қосқан болатын.
Биыл да жетпіске келген жүгіру спортының шебері Алматының төрінде өнер көрсетіп қайтты. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өткізілген қайырымдылық шарасында 21 шақырымдық жарыс жолын кедергісіз жүгіріп өтті. Аталған шара халықаралық деңгейде өткізілген болатын. Бұл жарысқа алыс-жақын шет елдерден жалпы саны 17 мың жарысқа қатысушы тіркелді. Міне, осы марафон барысында аралдық желаяқ үнді спортшысымен тіл табысып, аз да болса орысша сауаты бар үндістандықпен пікірлесті.
– Онымен әңгімелесе отырып мен тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлем елдері танитынына тағы да бір мәрте көзім жетті. Өзінің қазақ халқына, еліне, қонақжайлылығы мен кеңпейілдігіне деген ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар егемендігімізді алғалы бергі аз уақыттың ішінде қарқынды дамуына таңқалысын білдірді. Қазақстанда қай салада болмасын, қолдау мен мүмкіндік өте көп, – деп жоғарғы баға берді дейді.
Сондай-ақ, өзінің сүйікті ісінен сырт айналмай келе жатқан марафоншы атамыз жүгіруді тек спорт қана санамайды, үлкен тәрбие деп бағалайды.
– Мен осы 70 жылдық ғұмырымда бір де бір рет шылым, ішімдік, басқа да зиянды заттарға әуестік танытпадым. Себебі, менің барлық қызығушылығым тек спорт болды. Салауатты өмір салтын ұстанып, өзімді әрдайым бабымда ұстадым. Алға қойған арманға, көздеген мақсатқа жету үшін кейде көп нәрседен бас тартуға тура келеді. Осының өзі адамның өзін-өзі тәрбиелеуі деп білемін.
Біздің жас кездерімізде мүмкіндік толықтай болмады. Бізде жаттығу залдары, арнайы орындар жетіспеді. Бірақ, біз сонда да алған бетімізден қайтпай, қалай да көздеген межемізге жетеміз деп талпындық. 1973 жылы ҚазССР чемпионатына қатысып, жүлделі бірінші орынды да алдым. Тіпті, сол кездегі ҚР чемпионы Сәбит Есенбаевты да жаттығу барысында кездестіріп, соның тәжірибесін қолданған кездерім де болды. Рас, әлгі үндістандық марафоншы айтқандай, қазіргі жастарда зор мүмкіндік бар. Қайда дайындаламын, немен дайындық жасаймын десе де бәрі дайын. Тек спортты жүрегімен сүйе білсе болғаны, – дейді Серік Өтебалиев.
Алдағы уақытқа да үлкен жоспарлар құрып, соны орындау үшін әлі күнге дейін жаттығуын тоқтатпайтынын да ашық айтты.
Иә, кез келген адам өз саулығы – ұлт саулығы екенін есінен шығармай сергектікті өзіне үнемі серік етсе өзеге де ғибар-үлгі болар еді.
О.ЖОЛДАСОВ,
Арал ауданы