ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІК КІЛТІН ТАБЫС ЕТТІ
Бүгін облыс орталығындағы «Рәміздер» алаңында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қалалық және барлық аудандық пробация қызметтеріне автокөлік кілтін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Департамент басшылығы, сала ардагерлері және қызметкерлер қатысқан шарада алғашқы сөз облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақов берілді.
Бүгінгі күні түрмедегі жазасын өтеуші адамдар санын азайту, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды орындау институтын дамыту бойынша аймағымызда бірқатар шаралар іске асырылып, елеулі жетістіктерге қол жеткізіліп келеді.
«Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға Үкіметтің 2014 жылғы 23 қазанындағы №1131 қаулысына сәйкес, қала аудан әкімдіктері тарапынан бос жұмыс орындарына квоталар бөлініп, есепте тұрған азаматтарды жұмысқа орналастырып, әлеуметтік көмектер көрсетілуде», - деді Қ.Ысқақов.
Сондай-ақ, облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақов аймағымыздың шалғай елді мекендердегі есепте тұрған сотталған азаматтарға бақылау қадағалау жүргізу және оларға әлеуметтік көмек көрсетуді тиімді ұйымдастыру пробация қызметтеріне жүктелгендігі туралы аталған департаментпен өзекті мәселелер қаралып, бүгінгі күнге облыс әкімдігінің қолдауы негізінде жүргізілген іс-шаралар негізінде бірқатар мәселелердің оң шешімін тапқанын атап өтті.
Осы аталған жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін Қызылорда облыстық әкімдігі пробация қызметтерінің материалдық-техникалық базасын арттыру мақсатында бірқатар бірлескен іс-шаралар атқарды.
Салтанатты шарада Қ.Ысқақов облысқа қарасты қалалық және барлық аудандық пробация қызметтеріне 10 қызметтік автокөліктің кілтін табыстады.
Мұнан соң департамент бастығы, әділет полковнигі Ғанибек Отарбаев сөз алып, облыс әкімдігіне алғысын білдірді. «Өзіміздің міндетімізді тиісті деңгейде атқарып, алдағы уақытта қызметте жақсы жетістіктер мен оң нәтижелерге жетеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады деп сеніммен айтуға болады», - деп қорытты сөзін департамент басшысы.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті