КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ ОРАЙ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНДА САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Салтанатты шараға облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев, облыстық соттың алқа төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен облыс соттарының судьялары, сот саласының ардагерлері қатысты.
Іс-шараны ашқан облыстық соттың төрағасы Қ.Нұрышев жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде «Біз бұл күнді кәсіби мереке ретінде атаймыз, себебі сот жүйесі біздің азаматтарымыздың басты құжаттағы құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығын қамтамасыз етеді», - деді.
Салтанатты шарада Конституция күніне орай бірқатар судьялар мен сот қызметкерлері марапатталды. Атап айтқанда, ұзақ жылдар бойғы жемісті әрі мінсіз қызметі, сот-құқық жүйесін дамытуға қосқан салмақты үлесі үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен Қызылорда облыстық сотының судьясы Жанат Оспанова, ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісімен Соттар әкімшісінің персоналды басқару бөлімінің басшысы Гүлмира Каликова марапатталды. ҚР Жоғарғы Соты департаменті басшысының құрмет грамотасы Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты кеңсесінің бас маманы Ляззат Шаймоваға табысталды.
Судьялар Одағының «Үш би» құрмет белгісін Қызылорда облыстық сотының судьясы Амангелді Қожаниязов, отставкадағы судья Тұрмат Баймағамбетов иеленді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» құрмет белгісімен отставкадағы судья Кенжегүл Көпесова, Судьялар Одағының құрмет грамотасымен Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Рысдаулет Шамшиев, алғыс хатымен қалалық соттың судьясы Серік Жаппасбаев, облыстық соттың бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Несібелі Нұрахметова марапатталды.
Шара барысында Қызылорда облыстық соты төрағасының құрмет громотасы, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылордаоблысы бойынша департаменті, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің алғыс хаттары бірқатар судьялар мен сот мамандарына табысталды. Сонымен қатар, арнайы «Заң» медиа-корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алғыс хатымен облыстық соттың баспасөз хатшысы А.Ысқақова марапатталды.
Салтанатты жиын соңында тәуелсіз елдің өткені мен бүгінін көрсететін елдің басты саяси құқықтық құжаты Конституция күніне арналған деректі фильм көрсетіліп, мерекелік концертпен жалғасты.