СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Полигонда өткізілген сынақтың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Оның 116-сы ашық, яки бірі жер бетінде жасалса, енді бірі әуе кеңістігінде сыналған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп екен. Семей сынақ полигонында жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған кісі дертке ұшырап, біршамасы 40-50 жасты алқымдамай бақилық болды.
Міне, Семей полигонының жабылғанына да 27 жыл толды. Мәңгілік алауда жиналған ел ағалары, құрметке лайықты жандар алауға гүл шоғын қойды. Замандастарын еске алып, тағзым етті.
Мұнан соң Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында басқосу өтті. Жиында "Невада-Семей" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Сағымбаев пен бірлестік мүшелері Қ.Бержанов, А.Ақбаев, С.Тілеубеков, А.Бектауов, Ж.Алиев, Ә.Елбосынов, Е.Абдраманов, Р.Пірманов, М.Айбақов аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.