«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТТЕ» ЖЕҢІМПАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалында Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Шараның ашылуында филиал директоры Айдын Қайруллаев мерекеге келген қонақтар мен қызметкерлерді айтулы күнмен шын жүректен құттықтап, егемен еліміздің белгісі, халқымыздың ынтымағының символына айналған Ата заңымыздың рөлі өте зор екенін жеткізді.
Шара аясында филиалдың үздік қызметкерлері Басқарма төрағасы А.Оспановтың, аймақ басшысының және филиал директорының Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұған қоса, бірқатар қызметкерлерге «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында арнайы ұйымдастырылған дәстүрлі сурет байқауының жеңімпаздары анықталды. Филиалдың фронт және бэк-офис қызметкерлерінің 7-15 жас аралығындағы балалары өнерлерін ортаға салып, атамекенге, Отанына деген ыстық ықыластарын қылқаламмен жеткізді.
Қазылар алқасының назарына 50-ге жуық жұмыс ұсынылып, екі жас санаты бойынша жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде, байқауға қатысқан барлық жас суретшілер арнайы дипломдармен марапатталды. Ал жеңімпаздарға қаржылай сыйлық табысталды.
Соынмен бірге, байқауға қатысушы жас суретшілердің ата-аналары да ескеріліп, филиал директорының мерекелік алғыс хатымен марапатталды.