ТҮЙЕТАУЫҚ БАҚҚАН МЕЙРАМХАН
Дана жұртымызда «Кетпен шауып өлгем жоқ, кемтаршылық көргем жоқ» деген қанатты сөз бар. Осында айтылғандай, адам қандай қиыншылық көрсе де тек алға ұмтылса, көздеген мақсатына жете алады.
Адал еңбек бүйiрдi де томпайтып, несiбеңдi арттырады. Көзiн тапқанға түйетауық та табыс көзi екен. Мұны Мейрамхан ертерек түсінді.
Мейрамхан Қазыбай Шиелі ауданы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны. Ол бір жарым миллион теңге несие алып, өз ауласында құстардың түр-түрін өсіріп келеді. Онда қаз, тауық, үйрек, түйетауық түрлері бар. Оның осы еңбекті қолға ала бастағанына үш жыл болыпты. Бүгінде шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіп иесі, ауласына кіре қалсаңыз құстардың дыбысы жарқын-жарқын естіледі.
Таңмен таласа тұрғанның талай iсi бiтетiнiне көзi жететін кейіпкеріміз бірінші құстарына келіп, жағдайын бір қарамаса көңілі көншімейтінін алға тартты. Осы құстардың ішінде, түйетауықтың жанына жақын екенін сөз барысында байқағандай болдық.
Алғаш түйетауықты өсіру кезінде қиыншылықтар болғанын, тіпті 500-дей түйетауықты өлтіріп алғанын қынжылыспен еске алады. Қазіргі уақытта, бәрі орнына келіп, қыр-сырын меңгерген М.Қазыбай тынбай еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүріп, кәсіби деңгейін арттыруы да бекер емес.
Кәсіп иесінің айтуынша, ол жыл сайын 400-дей түйетауықты сатады екен. Түскен қаржыға несие төлемін жасайды. Қалғанына жем-шөбін алады.
Тіпті, олар өскен сайын бағалары құбылмалы болып келеді. Алғаш кішкентай балапанын 1000 теңгеден сатса, 10 күннен кейін ол 1300 теңге, бір айдан соң 2000 теңгеге сатамыз» – дейді.
Өмірдің өзі тәжірибе ғой, осы түйетауықты асырау барысында көп кедергілерге тап болған. Дегенмен де, сұрастыра келе үйреніп, қыр-сырын меңгерген. Мұның ең қиыны балапанды ашып шыққан соң басталады екен.
Түйетауық деп бекер аталмаса керек, түйедей маң-маң баса жүрiп, аңдамай балапанын аяғымен мыжып кетiп, өлтiрiп қояды. Осы кезде оған өте қатты сақ болу керек. Шөжелерге сүзбе, қияр, аскөк, дәрумендi дәрiлер, кебек берiледi.
10-15 күннен соң олар да тырбанып, кенеттен ауру келiп қалмаса, дес бермей кетедi. Әсіресе, өзiне қажеттi жемiн даладан тауып жейдi. Ол, шегiрткенiң жауы десе болады.
Күнделiктi тамаққа қосатын жұмыртқаны да үй тауығынан пайдаланады. Бау-бақшаны өсiрiп, жаз бойы таза өнiм тұтынады. Иә, еңбек адамды жоқшылықтан құтқарып, бүтiндейдi екен. Еңбекке бейiм болсаң, қатарыңнан кейiн болмайсың. Көзiн тапқанға түйетауық та табыс көзi.
Ж.НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ,
Шиелі ауданы