ҚАЗАЛЫДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚҰРЫЛЫС
Нақты кезеңде Қазалы ауданында құрылыс қарқынды жүруде. Жақында Жанқожа батыр ауылында спорт кешені ашылды. Ал Әйтеке би кентінде 300 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілуге дайын. Білім ошағы санаулы күндерден соң жаңа оқу жылында ел игілігіне беріледі.
Бұған қоса, биыл аудан орталығы Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Аудандық мекемелер үйі ғимаратының іргетасы да жақын арада қаланбақ.
Бұдан бөлек, аудан әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Өркендеу ауылынан дәрігерлік амбулатория құрылысы басталғанын айтты.
«Осындай негізде Қазалы қаласындағы «Шағала» балалар тынығу лагерінің құрылысы да басталады деп отырмыз. Тиісті мекемемен келісім бар», – дейді ол.
Ал осы жылдың басында кентте жаңа аурухана пайдалануға берілгені көпшілікке мәлім. Енді ауруханаға «Ангиограф» медициналық аппараты әкелінеді. Бұл аппарат қазан айынан бастап Қазалыдан бөлек, көршілес Қармақшы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласы тұрғындарына қызмет көрсететін болады.
Сонымен қатар, брифингте Қазалы ауданы әкімі мәдениет, спорт, білім, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық, жұмыспен қамту, жастар мәселесі туралы кеңінен баяндап, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді.
«Қазалы ауданында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Алда күтіп тұрған іс те, жұмыс та жетерлік. Уақыт ағымынан, заман көшінен қалыс қалмас үшін осы міндеттерді тиянақты жүзеге асыруға бізде барлық мүмкіндік бар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылатын болады», – деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.