МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ИГІЛІГІН КӨРУДЕ
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналу тиістілігі атап көрсетілгені белгілі. Осы санаттағы жандарды белсенді өмірге тарту, олардың өздерін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезіну көзқарасын қалыптастыру жөніндегі Елбасының тапсырмалары еліміздің түкпір-түкпірінде орындалуда.
Мәселен, Жалағаш ауданында бүгінде мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Осы санаттағы жандар мемлекеттік көмектен құр қалған емес. Мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту бағытында түрлі жәрдемақылар тағайындалып, берілуде. Нақты кезеңде Жалағаш ауданындағы тіркеуге алынған мүмкіндігі шектеулі жандардың саны – 1019 болса, оның ішінде І топтағы – 76, ІІ топтағы – 298, ІІІ топтағы – 415-ті құрайды. 18 жасқа дейінгі тіркелген мүгедек баланың саны – 230.
Республикамызда мүгедектердің өмірі мен денсаулығын жақсартуды мақсат тұтатын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүгедектерге көмектесіп, оларды жұмысқа тартуда бірқатар нақты жұмыстар атқарып келеді.
Айта кету керек, мүгедектерді сауықтыру жеке оңалту бағдарламасы (ЖОБ) негізінде жүзеге асырылады. Жыл басынан 399 мүмкіндігі шектеулі жан міндетті гигиеналық құралдармен, 17-сі санаторлы-курорттық емдеуге жолдама берілсе, қалғандары тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдармен және қолтаяқ, балдақ, жетек арба, кресло арбамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, есту кемістігі бар 4 мүгедекке, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы 86 мүгедекке «Сыр шарапаты» қоғамдық қоры арқылы қызмет көрсету жолға қойылған.
Сонымен қатар, биыл 32 мүмкіндігі шектеулі азамат облыстық мүгедектерді Оңалту орталығына баруға өтініш білдіріп, оң шешімін тапқан. Тіпті, бірнеше жыл бұрын бұл санаттағы азаматтарды алыс-жақын жерлерге тасымалдайтын «Инва такси» қызметі де қайтадан іске қосылып, күні бүгінге дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп келеді.
Жалпы, мүгедек балаларды үйде оқыту, оларға әлеуметтік қызмет көрсету, тиісті жәрдемақы төлеу бағытындағы жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылып келеді.
Бұл бағыттағы жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын өзара үйлестірудің, оның ішінде бизнес пен қоғамның жауапкершілігін арттырудың маңызы зор.