ТОҚТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТІҢ САЛТАНАТЫ
Тумысынан аз сөйлейтін, томаға тұйық жүретін Тоқтар бала кезінен анасы Күлпәннің нағыз көмекшісі. Бұзау қайырып, сиыр байласу күнделікті үйреншікті ісі еді. Тентек бұзаулардың өткір тұяғы башпайын жаншып, қан қақсатып, сотқар мүйіздерінен таяқ та жеуші еді. Сондай бір қиналған сәттерінде Сырдарияның жайпаттау шетіне келіп, өксігін баса алмай, бала жүрек тұншығып жылайтын. Бұл 1 жасқа жетер-жетпесінде майданға кетіп, оралмаған Тоқсанбайдың «Әкем болса осындай қорлықта жүрер ме едім?» деген он жасар баланың көкірегіндегі шерлі өксігі еді. Бірақ, бала жүрек бар бақытын осы кәсіптен табатынын сезбеді.Осылайша, Тоқтар мал шаруашылығына ерте араласты. Адал еңбек, жоғарғы көрсеткішімен көпшілік көңілінен шығып жүрген жандар жеткілікті. Сондай жомарт пейілді, табиғатынан шаршаудың не екенін білмейтін, елгезек жігіт Тоқтар Шығанбаев үлкен белестерді бағындырып жүріп, ел құрметіне бөлене білді.
Шаруаның соңында жүргенде бас екеу болмай, береке келмейтінін ұғынған ол 1958 жылы жұбайы Құрманкүл екеуі шаңырақ көтереді. Бір жылдан соң, яғни 1959 жылы «Ленин» атындағы колхоздың бір табын сиырын бақпақшы болып, үлкен жауапкершілікті мойнына алады. Әрине, ол кезеңде жауапкершілік жас талғамайтын. Жас та болса, қатаң талаптың үдесінен шығуға тырысқан Тоқтар ересектермен бірдей қайыс тартпадай ширай түсті. Бұл да болса, артылған сенімнің үдесінен шығуды көздеген өз ісіне шын берілген шаруақордың тірлігі еді. Ерте тұрды кеш жатты, аттан түспей мал бағымына мұқият қарады. Сөйтіп жүріп мол тәжірибе жинады.
Сеніп тапсырылған іске жүрдім-бардым қарамай, шынайы кіріскендігінен де болар, ол баққан малдар сүттің майлылығымен, қоңының жоғарылығымен, денесінің ірілігімен анадайдан көзге түсетін. Ал,
сауыншылар болса, Тоқтар баққан сиырды саууға таласушы еді. Табанды еңбек Тоқтардың абыройын асқақтатты, құрметке бөледі.
Еткен еңбек қашан да ескерусіз қалмасы анық. Коммунистік партия мен үкімет оның еңбегін бағалай алды. Сол кездегі Тоқтардың жоғарғы көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, 1971-1975 жылдар арасында әр жүз саулықтан 85 бұзаудан бас-тап 100 бұзауға дейін өргізсе, 1976-1978 жылдары бордақылаған әр сиырдың салмағын 350-360 кг-ға жеткізді. Сөйтіп, осы жылдары 2 дүркін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанып, 1973 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталып, абырой биігінен көрінді. Мұнан соң, Т.Шығанбаев 1977-1979 жылдары бұл бұзауларды 342-ге жеткізіп, ерен еңбегі үшін 1976 жылы «Октябрь революциясы» орденіне ие болып, Қазақстан компартиясының XIV съезіне делегат болып сайланады. Жасаған еңбегің жанып, бағаланып жатса, қандай ғанибет. 1975-1976 жылдары «Озат бақташы» атағына лайық деп танылса, 1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Елінің көркейіп, гүлденуіне, экономикасының дамуына ықпал етіп отырған осынау ел азаматын 1981 жылы Қазақстан компартиясының XV съезіне екінші рет ұсынып, республика еңбеккерлерінің алдында тұрған міндеттерді белгілеуге қатыстырады. Еңбек – қашанда адамды құрметке бөлеп, абыройын асқақтатады емес пе? Еңбектің бел ортасында жүріп, құрметтің төрінде дамылдаған Т.Шығанбаев осылайша, облыстық советтің депутаттығына сайланып, халықтың сенімді өкіліне айналды.
Ауылшаруашылығына басым бағыт берілген тұста 1982 жылы Ленин атындағы мүйізді қара фермасы цех болып қайта құрылды. Яғни, тасқынды цех болып, звено, бригадалар жасақталады. Ерінбей еңбек ете жүріп, тірліктің көзін таба білген Тоқтар колхоз басқармасы мен партия комитетінің ұйғарымымен бірауыздан бақташылар звеносының біріне жетекшілікке бекітіледі. Бүкіл звеноның жауапкершілігін мойнына алған Тоқтар бұл жерде де тез төселіп, оңай меңгеріп кетеді. Құрамы Совет Ерзақов, Байсын Аймырзаев, Алпысбай Өтеуов сынды тарландармен қатар, Мыңбай Қалқаев, Дүйсен Түменбаев сияқты жастармен толықтырылады. Звеноға жетекшілік ете жүріп жетістіктерге жете бастады. Қарауындағы 420-430 сиырдың әр жүзінен 1981 жылдан бері 100 бұзаудан алып, мал басын аман сақтап келді. «Ұлы жеңістің 40 жылдығы» құрметіне звено мүшелері 11-бес жылдықтың жос¬парын орындап шығуға міндеттеме қабылдап шықты. Малдың бабын таба білген Тоқтардың табынындағы сиырдың әрқайсысынан жыл сайын 2300-2500 кг сүт сауылып отырды. Өзі жетекшілік ететін звено бойынша 1982 жылы 2 жастан асқан қашар мен сиырдан 78-ден, ал, 1983 жылы әр жүз сиырдан 90-нан бұзау алып, үздіктер қатарынан алыстамады. Ал, 1982-1989 жылдар арасында үш дүркін ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланып, 1988 жылы «Ударник Коммунистического Труда» орденін иеленді. Атақ даңқтың бірде-біріне масаттанбайтын, тасымайтын, бұйығы қалпына, еңбекпен еншілес қалпынан таймайтын, осы бір жанды сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Шаухаманов: «Тоқтарды көрсем, Ыбекеңді (Ы.Жақаевты) көргендей әсер аламын. Ыбекеңнің сөзге сараңдығы, мақтау марапатқа лап етіп тұтанып кетпейтіні, сабырлылығы, ең бастысы еңбексүйгіштігі аумай қалған» деп таңдана айтқаны бар. Тоқтар тек еңбек озаты ғана емес, өнегелі әке де, уақыт тауып балаларының тәрбиесіне де зор көңіл аударушы еді. Құрманкүл жеңге екеуі 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, 17 немере, 15 шөбере көрген ұлағатты әке.
Алғабас ауылының 90 жылда ай санап емес, күн санап өсіп-өркендеуіне бірден-бір үлес қосқан, маңдай терлерін сыпырып, ел игілігі үшін жанын сала еңбек еткен, азаматтардың есімін үнемі еске салып тұрсақ, қарапайым еңбек адамына тың серпін, соны жігер берер еді. Өз бақытын бақташылықтан тапқан Тоқтар Шығанбаев секілді ерен еңбек иелерінің өмір жолдарын алдағы уақытта да насихаттай берсек, жас ұрпақ үшін таптырмайтын тәрбие көздерінің бірі болар еді. Өмірінің соңына дейін «Еңбек – абырой, еңбек – даңқ, еңбек – бақ» деген қанатты сөзді өміріне арқау етіп кеткен Тоқтар аға ұрпақтарымен ел есінен ешқашан шықпақ емес. Мен бұл жолдар арқылы Тоқтардың тағдырында салтанат құрған еңбек пен бейнеттің жемісін баяндағым келді. Еңбекпен шыққан тау қашан да биік болмақ.
Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ,
еңбек ардагері.
Алғабас ауылы.