ТАНЫМАЛ СЫҚАҚШЫ ҚАНАТ ӘЛЖАПБАРОВ ХКО-ҒА ЖҰМЫСҚА ТҰРДЫ
Расымен де кеше «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында жұлдыз жауған күн болды. «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» атты іс-шара аясында қызметалушыларға қазақ эстрадасы мен телевидение жұлдыздары қызмет көрсетті.
Қызылорда қаласындағы №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында бүгін ерекше көтеріңкі көңіл-күй орын алды. Оның себебі – орталықта мамандармен қатар танымал әзілкеш әртіс, қызылорданың тумасы Канат Әлжапбаровтың өзі қызмет етті. Бір күнге «Азаматтарға арналған үкіметке» «жұмысқа тұрған» әртіс қағытпа әзілдерімен халықтың көңілін көтеріп, ықыласына бөленді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызмет көрсету саласының күннен күнге қарыштап дамып жатқанына ризалығын білдірген әртіс, жерлестерін осы жаңашылдықтың игілігін бірге көруге шақырды. Өз кезегінде ол мамандандырылған ХКО-ға келіп, онлайн түрде жүргізуші куәлігін алды.
«Қазір орталыққа келмей-ақ электронды түрде қызмет алуға болады. Қарапайым, әрі жылдам. Бүгін халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс жасап, бағымды сынап көрмек болдым. Негізі бұл жер оңай жұмыс емес боп шықты. Өте сауаттылық керек, маған болмайды екен», - деп халықты ду күлдірді сықақшы.
Айта кетейік, «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» атты іс-шара бүгін бір мезетте еліміздің бірнеше қаласында өтті. Халыққа қызмет көрсеткен өнер майталмандарының қатарында Қыдырәлі Болманов, Құрмаш Маханов, Ғани Жапишев, Шахаризат Сейдахметова, Айжан Нұрмағамбетова, Марат Омаров, Мырзахан Маханов, Әзімбек Байлин сынды жұлдыздар болды. Шоу-бизнес өкілдері электрондық кезек талондарын, ақпараттық анықтамаларды және дайын құжаттарды беріп отырды.
Қызметалушылар өз кумирлерінің қолынан анықтамалар алып қана қоймай, олармен суретке түсу мүмкіндігін де жіберіп алмады.