«ХАРЕКЕТ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҰРҒЫНҒА БАСПАНА АЛЫП БЕРДІ
Қызылорда қалалық мәдениет және демалыс паркінде облыстық жастар ресурстық орталығы және республикалық «Харекет» қорының ұйымдастыруымен қайырымдылық кеш өткізілді.
Мұқтаж жандарға қол созып, баспаналы болуға жәрдем беруді мұрат тұтқан «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері Бидайкөл ауылының тұрғыны Орынкүл Ишановаға баспана алып берді. Жаңа үй Шиелі ауданына қарасты Төңкеріс ауылында. «1000 теңгеге» баспана қайырымдылық акциясымен барлық қазақстандықтарды мұқтаж жандарға көмекке қол ұштарын созуға үндеп келген «Харекет» қайырымдылық қоры бұған дейін 25 пәтердің кілтін табыс еткен болатын.
Кеш барысында сөз алған қор жетекшісі Алғадай Әділғазыұлы алдағы уақытта, “Харекет” қоры тағы басқа баспанаға мұқтаждарға көмектесетінін айтты. Ол үшін қайырымды жандарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылып, қайырымдылық қорының жұмысына ат салысуға шақырды.
Айта кетейік республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылы құрылған. Қысқа уақыт ішінде қордың мүшелері мұқтаж жандарға көмек қолын созып, баспаналы болуға жәрдемдесіп келеді. Алдағы уақытта қордың құрылғанына 1 жыл толуына орай мұқтаж жандарға сыйлайтын баспананың санын отызға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Kyzylorda-News»
Комментарии 4