САПА МЕНЕДЖМЕНТІН ЕНГІЗУ МАҢЫЗДЫ
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Қызылорда филиалының ұйымдастыруымен «Кәсіпорындарға сапа менеджментін енгізу» бойынша өңірлік оқыту семинары өтті. Оған аймақтағы бизнес-қауым мен мемлекеттік мекемелерден жүзден аса өкіл қатысты.
Семинарды техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Ерқанат Кеулімжаев ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында нақты және қалыптасқан қазақстандық бизнес орталықтарынан өз орнын табуға мүмкіндік беретін, халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес отандық кәсіпорындарға сапа менеджментін енгізудің және сертификаттаудың санын арттыру керек. Сонда ғана отандық кәсіпорындар жоғары талаптарға сай жұмыс атқаратын болады.
Мұнан соң «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК ОҚО филиалының директоры Сәкен Бейсеев баяндама жасады. Ол еңбекті қорғауды басқару жүйесі, пайдалануға арналған нұсқаулыққа қойылатын талаптар және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін басқару, азық-түлік тізбегінде кез-келген ұйымға қойылатын ережелер туралы айтты. Сонымен қатар ол басқосуға қатысушылармен еркін пікір алмасып, сауалдарға жауап берді.
Басқосуда «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Қызылорда филиалының директоры Гүлнәз Шарапат та өз пікірімен бөлісті.
– Мұндай оқыту семинарының маңызы зор. Дәрісті білікті маман беруде. Семинардың негізгі бағыты – техникалық реттеу және метрология саласының 2020 жылға арналған кешенді жоспарын дамыту, бюджеттік бағдарлама бойынша сапа менеджменті жүйесін бүгінгі отандық кәсіпорындарға енгізу.
Қазіргі таңда облыс бойынша 400-ден аса кәсіпорын мен мекеме осы сапа менеджменті жүйесі бойынша стандарттау жүйесіне енгізу үшін жұмыстар жасап жатыр. Енді олардың санын көбейту көзделуде, - деді ол.
Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.